Астана қаласының 20 жылдығына орай Орал қаласында "Ақжайық - шеберлер қаласы" атты қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті.
Облыстықішкі саясат басқармасының тапсырмасымен ұйымдастырылған көрмеге ағаштан, сүйектен, тастан жасалған бұйымдар, кəдесыйлар, матадан тігілген сөмкелер, себет, балауыз шамдар қойылды.
- Негізгі мақсат - шағын кəсіпкерлікті қолдау. Əлеуметтік желі арқылы бұйымдарын сатып жатқан шеберлерді шақырып, көпшілік алдында тауарын саттыққа қоюға мүмкіндік жасап жатырмыз. Қолөнер көрмесі биыл үшінші мəрте өтуде. Соған байланысты оған қатысушылардың саны артуда. Əрі сауалнама жүргізіп, олардың ұсыныс-пікірлерін ескерудеміз. Бұл жолы қаладағы мектеп оқушыларының көрмеге қатысуына, салған суреттерін көрсетуге жағдай жасадық. Аула клубтарының мүшелері, қосымша білім беру педагогтары, мектеп тыс жұмыс орталықтарының мамандары атсалысуда. Сонымен қатар, Бөрлі, Зеленов, Қазталов аудандарынан қолөнер шеберлері келді, - деді "Ғылыми зерттеу қолдау қоры" жеке қорының директоры Айболат Құрымбаев.
Оның айтуынша, мұндай көрмені əр ай сайын тұрақты өткізу жоспарланған. Сол арқылы тұрғындар мен қалаға келген туристердің қызығушылығын арттыру көзделген. Көрме кезінде бұйымдар жасаудан шеберлік сыныбы көрсетіліп, жасөспірімдер арасында белтемірге тартылудан сайыс пен ұлттық ойындар ұйымдастырылды.
Нұртай Текебаев
Фото Айбатыр Нұраш