Оралда ҚР Орталық сайлау комиссиясы «2024 жылғы 8 желтоқсанға тағайындалған мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауды әзірлеу мен өткізудің мәселелері» тақырыбында көшпелі семинар ұйымдастырды.
Басқосуға Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров, комиссия мүшелері Сабиля Мустафина мен Шавхат Өтемісовтер арнайы қатысып, оқытуға қатысқандардың деңгейін тексеріп, әртүрлі кейстерге қатысты сарапшылық ой-пікірін ортаға салды.
Сондай-ақ семинар барысын Орталық сайлау комиссиясының электораттық оқытуды ұйымдастыру, сайлау процесін ұйымдастыру, бюджетті жоспарлау және атқару бөлімдерінің басшылары Әйгерім Тәжиева, Сәуле Қозыбаева және Гүлназ Кембаевалар бағамдап отырды.
«Бұл семинарға Астанадан үлкен құрамның келуі – орталықтың сайлау комиссиясы мүшелерінің кәсіби дағдыларын арттыруға қаншалықты мән беріп отырғанының көрінісі», – деген Константин Петров өңірлік әріптестерін ұсынылған тақырыптар төңірегінде белсенді пікір алмасуға шақырды.
Оқытуға қатысушылар, яғни облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, сайлау өткізілетін аудандар мен Орал қаласының аумақтық және округтік сайлау комиссияларының «үштіктері» ұсынылған кейстерді өзара қызу талқылады.
Семинарда БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов атап өткендей, өңірде 8 сайлау округінде, яғни 4 аудандық және Орал қалалық мәслихатында депутаттарды сайлау өтеді. Бұл науқанға 1 облыстық, 5 аудандық және қалалық аумақтық комиссия, 8 округтік және 30 учаскелік комиссия тартылған. Сайлау тағайындалған сәттен бастап тиісті аумақтық сайлау комиссияларының күнтізбелік жоспарлары бекітіліп, сайлау науқаны сол жоспарларға сай жүргізілуде.
Алайда комиссия мүшелерін үздіксіз оқыту күн тәртібінен ешқашан түспейді.
Жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткен іс-шарада облыстық аумақтық сайлаукомиссиясының мүшелері сайлау процесін ұйымдастыру, ақпараттандыру, сайлауалды үгіт және байқаушылармен жұмыс, сайлауды қаржыландыру, қолданыстағы заңнаманы сақтау жөнінде дайындаған кейстерін жан-жақты талдауға ұсынды.
Одан кейін Орталық сайлау комиссиясының дауыс беру күні бойынша кейсі зерделенді. «Енді семинарға қатысқандар білген-түйгенін басқа комиссия мүшелеріне каскадтық тәсілмен жеткізіп, оқытуды жалғастырулары қажет», – деді оқытуды қорытындылаған Орталық сайлау комиссиясының өкілдері.
Айна Имашева
zhaikpress.kz