24.10.2024, 16:00
Оқылды: 71

Оралда құрылысшыға арналып ескерткіш-барельеф орнатылды

Орал қаласында еңбек сіңірген құрылысшы, марқұм Ару Мұқамбетқалиеваның құрметіне шаһардағы өзі тұрған Абай даңғылындағы 111-үйге есімі айшықтала жазылған ескерткіш-барельеф орнатылды.

Ару Мұқамбетқалиева

Салтанатты іс-шараның ашы­луында сөз алғандар жиылған қауымды алдағы келе жатқан Республика күнімен құттықтап, ескерткіш-барельефтің қала тұрғындары үшін және жас толқынды тәрбиелеуде маңызы зор екенін айтты.

– Шымкенттегі химия-технологиялық институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп, Орал қабырға материалдарының өндірістік бірлестігіне қызметке тұрғанымда, Ару апаның қамқорлығын  көрдім. Өндірісті теория жүзінде оқу бір басқа, ал тәжірибе жүзінде өндірістегі жағдай мүлдем өзге екені белгілі. Білетінімізден білмейтініміз көп еді. Қазақтың қарапайым әйелі ерлермен бірге ауыр жұмысты қабақ шытпай жүріп істейтін. Апамыздың ері Мұстахим аға өндірісте шебер қызметінде еді. Екеуінің сыйластығы, жұмыс десе жанып тұратындары әлі есімде. Олар жастарға үлгі-өнеге болды. Қара жұмысты қара нардай жапырып жүріп істеді, бес баланы қатарынан кем қылмай, тәрбиелеп, өсірді. Бүгінде сол балаларынан тараған саналы ұрпағы жапырақ жаюда. Ару апамыз талай социалистік жарыстарда топ жарды. Мінезі салмақты, салиқалы, айналасына шуағын шашып жүретін жан еді, – деп еске алды еңбек ардагері Мұса Омаров.

Ару Атауқызы кірпіш зауытында еңбек етті. Бұл туралы әріптесі, кірпіш зауыты директорының орынбасары Рамазан Нұрлиев әңгімеледі.

Ару Мұқамбетқалиева

«Ару апамыз өзіне берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындайтын. Сегіз сағатта 30 тонна болатын кірпішті қалайтын. Еш уақытта

шаршадым деп айтпайтын. Қазір бұл жұмыстың барлығы аутоматтандырылған. Бізді, жастарды,  жеке бас өнегесімен еңбекқорлыққа тәрбиеледі. Ол кісінің еңбекке жарамсыздық қағазын алғаны есімде жоқ. Бақандай 37 жыл бойы ауыр жұмысты  ерлермен қатар істеген Ару апамыздың еңбекқорлығы кейінгі жастарға жұғысты болсын деймін», – деді Рамазан Нұрлиев.

Арзу Мұқамбетқалиева 1939 жылы 23 желтоқсанда Жәнібек ауданындағы Тау ауылында дүниеге келді. 1955 жылы Қамысты ауылдық кеңесіндегі мектеп-интернаттың 7-сыныбын бі­тіреді. 1958 жылы Орал қабырға материалдары зауытының силикат кірпіші цехына кірпіш түсіруші болып кіреді. 1962 жылдан бастап престеуші болып зейнет жасына жеткенге дейін табан аудармастан еңбек етті. 1995 жылы 1 қазанда зейнеткерлікке шықты.

Ақ адал еңбегі және жоспарды орындағаны үшін әлденеше мәрте  Құрмет грамоталарымен, бағалы сый-лықтармен марапатталған. «Коммунистік еңбек озаты», «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» «Еңбек ардагері» медальдарымен, «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «Х бес­жылдық озаты», «ХІ бесжылдық озаты» төсбелгілерімен, ІІІ және ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы», «Халықтар достығы»  ордендерімен марапатталған. Қара жұмыс істеп, қайыспаған, төзімділік пен шыдамдылықтың, даналықтың, кеңпе­йілділіктің үлгісі болған Ару апаның жарқын бейнесі жерлестерінің, әріптестерінің жадында.

Жиында Ару ананың ұлы Нұрлан Мұқамбетқалиев әке-шешесінің соғыстан кейінгі ел шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына атсалыс­­қанын, олардың еңбектері елеусіз қалмағанын перзент­тік мақтанышпен әңгімеледі. Сондай-ақ салтанатты іс-шараға уақыт бөліп келген ардагерлерге, анасының көзін көргендерге, кірпіш зауыты ұжымына рақмет айтты.

Орал қаласы әкімдігіне ескерткіш-барельефті орнатуға көмек көрсеткен­дері үшін ризашылығын біл­дірді.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале