18.07.2017, 18:42
Оқылды: 42

Оралда құтқарушылар екі адамды суға кетуден аман алып қалды

Suga ketu faktisi   Оралда құтқарушылар екі адамды Жайық өзеніне батып кетуден аман алып қалды.

   БҚО ТЖ департаменті жедел құтқару қызметінің бас құтқарушы-психологы Ләйла Әбдірахманованың айтуынша, бірінші оқиға «Металлист» зауыты ауданында орын алды. Осы жердегі өзен жағалауына әйел мектеп жасына дейінгі жеті бірдей баламен суға түсуге келген. Біраз уақыт өткеннен кейін қатты ағыстың салдарынан балалардың біреуі тұншыға бастаған.

   Осында кезекшілік етіп жүрген №1 құтқару бөлімшесінің басшысы Тимур Бегалиевтің сөзіне қарағанда, олар бес жасар ер баланы дер кезінде алып шыққан. Содан кейін құтқарушылар баланы бейқам жүрген анасының қолына тапсырып, бұлайша қараусыз қалдырмау керектігін ескертті.

   Екінші оқиға қалаға қарасты Коминтерн ауылы маңындағы жағажайда болған. Мұнда еріктілер ер адамның мас күйінде Жайықты жүзіп өтпекші болып жүргенін хабарлаған. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар Сергей Гохгальтер мен Бекжан Айтқалиев ер адамның су бетінде әрең тұрғандығын көріп, оны қайықпен жағаға жеткізді. Мұндай оқиға бірінші рет орын алып отырған жоқ. Бұдан бұрын да еріктілердің көмегімен мас адамдар құтқарылған болатын. Өкінішке қарай, суға түсу қауіпсіздігін сақтамайтындар әлі де жетерлік. Әсіресе, олар Жайық өзенінің ағысы қатты, иірімі, яғни қауіпті жерлері көп екендігін ескере бермейді.

   Еске сала кетейік, өңірде осыған дейін 10 адам құтқарылса, соның тең жартысы - балалар. Өткен жылы осы мерзімде 7 адам суға кетсе, биыл тағы екеуі құрбан болды.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале