23.04.2021, 15:22
Оқылды: 540

Оралда «Мектеп. Алма бақ. Оқушы» жобасы бастау алды

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің «Менің аулам – менің бағым» идеясын қолдағандар қатарында Оралдағы білім беру ұйымдары да бар. Аталған жоба негізінде қалалық білім беру бөлімінің бастамасымен жеті мектепте «Мектеп. Алма бақ. Оқушы» жобасы бастау алды. Үш жылға арналған жобаны жүзеге асыруға С.Исаев атындағы халықаралық эксперименталдық коллекциялық питомник-бақтың директоры Қайрат Кәрімов қолдау көресететін болады.

к1

Жыл басында Орал қалалық білім беру бөлімі мен аталған питомник арасында келісім жасалған. Білім беру бөлімінің басшысы А.Темірханованың бастауымен жобаны жүзеге асырушылар Қайрат Кәрімовпен алғашқы кездесуді өтікізіп, білім беру ұйымдары аулаларына жеміс ағаштарын егу жобасының тетіктерін талқылаған еді.

Бүгін жоба қатысушылары болып табылатын жеті мектеп питомникке арнайы барып, әрқайсысы алма ағашының 10-20 түбін алды. Көшеттердің сұрыпы – әр түрлі. Қайрат Кәрімов көшеттерді түптендіру кезіндегі маңызды жайттарды түсіндіріп өтті.

Білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханованың мәліметінше, жобаға жеті мектеп қатысады. Олардың басым бөлігі – кейінгі жылдары бой көтерген, жаңа мектептер. Әр мектеп ауласында жеміс ағаштарын түптендіруге орындар дайындалып, қоршалған. Жеміс ағаштарын күтіп-баптауға мектептің биолог-ұстаздары, оқушылар және қызметкерлер жұмылдырылмақ.

к3

–  Бала естігенінен емес, көргенінен мол тәлім алады. Бұған дейін мектеп басшылары, осы жобамен айналысатындар Қайрат Кәрімовпен кездестік. Ұсыныстарын ескере отырып, осы жұмысты қолға алудамыз. Балаларымыз жеміс ағаштарын баптаудың қыр-сырына үйренсе, өз үйлерінің айналасын, аулаларын да жеміс ағаштарымен жайқалтады деп ойлаймыз, - дейді Ақжарқын Мүтиғоллақызы.

Сондай-ақ жаз маусымында күтіп-баптау жұмысына оқушылар тартылады деп күтілуде. Алма бақтарында еңбек ететін шәкірттерге қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы 42 500  теңгеден төленетін болады.

Көшеттер №32 ЖООБМ аулаларына отырғызып үлгерді

Мектеп ауласында бұған дейін «Қайың аллеясы», «Түлектер аллеясы», әр түрлі өскіндер мен дәрілік шөптер егілетін тәжірибелік алаң болған болса, енді олардың қатары жеміс бағымен толығып отыр.

к2

Жаңа көшеттерді  егуге мектеп басшылығы, ұстаздар мен оқушылар қатысты. Ұстаздар оқушыларға ағаш егуде тыңайтқыштардың қолданылуы, топырақ деңгейі, суарылуы туралы түсіндірді.

Басқа да мектептер, ертең, 24 сәуір күнгі сенбілік аясында көшеттерді отырғызуды жалғастыратын болады.

Атап өтейік, «Мектеп. Алма бақ. Оқушы» жобасына №32, №37, №46, №48, №49, Эстетикалық бағыттағы гимназия және Серебряков мектебі қатысуда.

 

Орал қалалық білім беру бөлімінің

баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале