Бүгін Оралда «Мектеп формасы: Made in KZ» бизнес жобасының таныстырылымы өтті.

Жобаның басты мақсаты – өңірдегі отандық тауарларды қолдау, тарату, бәсекелестік орта құру, балаларды сапалы және ыңғайлы киіммен қамтамасыз ету.

– Іскер әйелдер қауымдастығының құрамында кәсібін жүргізіп отырған белсенді 60 қыз-келіншек бар. Олар түрлі салада еңбек етіп келеді. Атап айтсақ, сауда-саттық, медицина, педагогика, жеңіл өнеркәсіп саласында жемісті жұмыс істеп жүр. Қазақстандағы ең үлкен қауымдастықтың ірі жобаларының бірі – қыздарға қолдау көрсетіп, кәсіп ашуға көмек беру. Біз көп өнімді Қытай, Түркия, Өзбекстан сынды елдерден алып келдік. Елімізде де шеберлер бар. Кәсіп ашып, отандық өнім шығарып отыр. Қауымдастықтың төрт ерекшелігі бар. Бұл – менторинг, мастер-майнд, іскерлік байланыс және «Business Women» мобильді қосымшасы. Бүгінгі таныстырылым бәрінің көңілінен шығады деп сенемін. Бір-бірімізге үнемі қолдау көрсетіп отырайық, - деді БҚО-дағы іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Жансұлу Төремұратова.

Жиында оралдық дизайнерлер Индира Амантайқызы мен Лунара Илхамгызының мектеп жасындағы балаларға арналған мектеп, спорттық және күнделікті киюге арналған үлгілері ұсынылды. Ересек және іскер әйел адамдарға арналып тігілген киімдер де көрсетілді.

AMIN мен LU_IL_FASHION компаниялары ұсынған формаларда мектептегі киім талаптары сақталып, жылдың әр мезгіліне байланысты, маусымдық және климаттық ерекшелік ескеріліп тігілген. Ұлттық нақыштың да элементтері бар.

Таныстырылымға қатысқан БҚО қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева жобаның маңыздылығына тоқталды.
– Жобаның әлеуметтік маңызы өте жоғары. Мектепте киім кию мәдениетін насихаттап жүргендеріңіз үшін сіздерге көп рахмет айтамын. Мектеп формасы да тәрбиенің бір бөлігі. Бұл жоба ұлттық құндылығымызды, мәдениетімізді айрықша насихаттауға, жас ұрпақты патриотизмге тәрибелеу жолында үлкен үлес қосатынына күмән жоқ. Толағай табыс пен тек жетістік тілеймін! - деген Гүлжанар Болатқызы қауымдастыққа алғысхат табыстады.

Фото: Мәди Салық,
zhaikpress.kz
