Қыз баланың миы шайқалып, бірнеше жерден денесі көгерген. Оқушы сыныптастары тарапынан буллингке ұшыраған. Оқиға 8 қараша күні қаладағы №20 мектепте болған. Бұл туралы баланың анасы Әйгерім Зұлқашева айтты.
Сурет: freepik.com
– Менің қызымды сыныптастары жабылып соққан. Олар оның телефонын тартып алып, бір-біріне лақтырып ойнаған. Сол кезде телефоны бұзылған. Қызымды біреуі итеріп құлатса, басқалары соққылап, жұлқылаған. Мен қызымды дереу облыстық аурухананың жарақат бөліміне апардым. Дәрігерлер қызымның денесінде соққы іздері барын және миы шайқалғанын растады. Баламның көзі нашар көреді. Оған басынан соққы алуға болмайды. Бірақ сыныптастары қызымды итеріп қалғанда ол желкесінен құлап, басын қатты соққан. Қолымда дәрігердің анықтамасы бар. Мен полицияға, прокуратураға арыз жаздым. Қызымды сыныптастары көзілдірік киетіні үшін әрі аздаған артық салмағы үшін үнемі мазақтайды екен. Бұны буллинг деп есептеймін. Бірақ полиция өкілі қызымның буллингке ұшырағанын есепке алмай отыр, - деп атап өтті жеткіншектің анасы Әйгерім Зұлқашева.
Оқиғаны БҚО Полиция департаменті растады. Бірақ буллингке жауапкершілік тек 12 жастан басталатынын атап өтті.
– Біз бұл оқиғаны білеміз. Біздің жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторымыз жұмыстанды. Буллингке қатысты ата-анаға жауапкершілік тек 12 жастан басталады. ҚР Әкімшілік кодексінің 127 бабында көрсетілгендей буллингке қатысты 12 жастан 16 жасқа дейінгі балалардың ата-анасына немесе заңды өкіліне әкімшілік айыппұл салу көрсетілген. Ал №20 мектепте болған жағдайға қатысты айтар болсақ, балалар 10-11 жаста. Олардың ісін кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия қарады, - деп атап өтті БҚО ПД ЖПҚ бастығы Ернар Сұлтанғалиев.
Біз №20 мектептің басшылығына хабарласып көрдік. Өкінішке орай мектеп директоры телефон қоңырауына не хабарламаға жауап берген жоқ.
Ал БҚО бойынша балалар құқығы жөніндегі уәкіл Жанат Нұрмағамбетова қазіргі уақытта Астанада іс-сапарда екенін айтты.
Осы оқиғаны қараған кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия сыныптасына әлімжеттік көрсеткен балаларды мектепішілік есепке алу туралы ұсыныс білдіріпті.
Бұған келіспеген Әйгерім Зұлқашева полицияға арыз жазғанын айтты.
Осыған дейін БҚО ПД қаладағы мектептердің бәрін полицияның кезекші бөліміне қосатынын мәлімдеген еді. Ондағы мақсат – балалар арасындағы ауыр құқық бұзушылықтың алдын алу әрі балалардың қауіпсіздігін күшейту.
– №20 мектепте бейнекамералар орнатылған. Оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында мектептегі кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор ұдайы жұмыс жүргізіп келеді. Бұл оқиғаға қатысты балалардың ата-аналарына ескерту жасалды, - деп атап өтті БҚО ПД баспасөз қызметі.
Жанат Көшкінбай
zhaikpress.kz