3.12.2024, 12:45
Оқылды: 32

Оралда мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Нәжімеден Есқалиевтің құрметіне ескерткіш тақта ашылды

1 желтоқсан күні облыстық мәжіліс ғимараты жанынан мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Нәжімеден Есқалиевтің құрметіне ескерткіш тақта ашылды. Бірнеше жыл өзі қызмет еткен ғимарат жанына ілінген ескерткіш тақтаны Нәжімеден Ықсанұлының көмекшісі болған Болат Шәкімов пен ұлы Ғани Есқалиев ашты. Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов есімі ел жадында сақталған қайраткер тұлға Нәжімеден Есқалиевтің Ақ Жайық өңірінің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына зор үлес қосқан басшы екендігін атап өтті.

М Салык (2)

Қазақ елінің дамуына ерекше үлес қосқан тұлғаны ұлықтауға арналған іс-шара Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда жалғасын тапты. Сахна төріне көтеріліп сөз алғандар біртуар тұлғаның елге жасаған қалтқысыз адал еңбегі, қиын-қыстау шақтарда халықтың ортасынан табыла білгендігі жөнінде әсерлі естеліктерімен бөлісті.

ҚР еңбек сіңірген дәрігері, медицина саласының ардагері Бақтығали Ахметов «Нәжімеден Есқалиев халықтың қадірлісі, елдің біртуар азаматы  болып еді» деп еске алды.

– Нәжімеден Ықсанұлының қарауында  он жылдай қызмет атқардым. Сол кезде ол кісінің маман таңдай білетініне және мамандардың пікірін тыңдай білетініне  куә болдым. Негізі басшылардың көбі өндіріс, ауыл шаруашылығы салаларын алға қойып, денсаулық саласына мән бере бермейді. Ал Нәжімеден Ықсанұлы медицинаға, халықтың саулығын жақсартуға көп көңіл бөлді. Сол кездері біздің облыс  денсаулық саласының дамуы бойынша республикада екінші, үшінші орындарда тұратын. Денсаулық саласына қажетті УДЗ (ультра дыбыстық зерттеу) тағы басқа құрал-жабдықтармен бірнеше ауданды қамтамасыз еттік. Мәселен, 8 ауданда УДЗ аппараты болды. Бұл жоғары көрсеткіш еді. Сол бір жылдарда облыста туберкулез ауруы өршіп тұрды. Сол кездерде ол Мәскеудегі пульмонология институтының  басшысымен сөйлеседі. Кейіннен мен барып, келісімшарт жасасып, институт дәрігерлерімен төрт ауданды араладық. Олар аурудың 60 пайызы тұрмыстық жағдайдан екенін анықтап, керемет бағдарлама жасап берді. Бұл да Нәжімеден Есқалиевтің үнемі елді ойлап жүретіндігінің бір дәлелі, – де-ді Бақтығали Ахметов.

Бекзат болмысымен, қарапайым халқымен ел есінде сақталған қайраткер тұлға туралы жарқын естеліктер айтылған еске алу кешінде «Біртуар» атты деректі фильм көрермен назарына ұсынылды.

М Салык (1)

Нәжімеден Есқалиев 1941 жылы Астрахан облысында дүниеге келген. 1966 жылы Алматы ауыл шаруашылығы институтын бітірген жас агроном еңбек жолын  сол кездегі  Орал облысының Жәнібек ауданында бастайды. Өз ісіне жауапты, алғыр маман қызметте де тез көтеріледі. 1986 жылы Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, ал 1992 жылы Батыс Қазақстан облысының әкімі, бір жылдан кейін Көкшетау облысының әкімі лауазымына тағайындалады. Кейін Тәжікстан, Өзбекстан, Украина, Молдова мемлекеттерінде елші болып қызмет істеді.

Деректі фильмде кеңестік тоталитарлық жүйе құлап, егемен елдік  орнап, нарықтық экономика қалыптаса бастаған аумалы-төкпелі шақта ел басқарған Нәжімеден Есқалиевтің жұртшылықты ортақ іске жұмылдыра білген табанды қасиеттері, келешекті болжап-бағдарлай алатын қарым-қабілеті, алыс-жақын шетелдермен байланыс орната білген іскерлігі туралы айтылды. Сондай-ақ фильмде біртуар тұлғаның 1991 жылғы Оралдағы қыркүйек оқиғасы кезінде ұлтаралық жанжалдың ушықпауына зор еңбек сіңіргені жөнінде де сол кездегі куәгерлер өз пікірін ортаға салды. Фильмде оның қазақ қызымен қол ұстасып кетіп бара жатқан шетел азаматын сабап, шаталып кете жаздағаны, ауылдарды жекешелендіруге қарсы болғаны, бірнеше рет қастандық жасалғаны жөнінде де көпшілік біле бермейтін мәліметтер ашық айтылады.

Әке ізін жалғап, бірнеше жыл Ақ Жайық өңірін басқарған Ғали Есқалиев «Әкем маған әр кез халықтан бір саты төмен тұр. Ешқашан ақшаға қызықпа. Өзіңе де, еліңе де адал бол деп айтатын» деп асқартауын сағынышпен еске алады.

Өз ғұмырында  ел мүддесіне деген адалдықтың, Отанға қалтқысыз қызмет етудің үлгі-өнегесі болған Нәжімеден Ықсанұлын жұртшылық білім-білігі жоғары мамандар толқынын қалыптастырған мемлекетшіл тұлға ретінде есте сақтары анық.

Гүлжамал Жолдығали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале