23.04.2026, 16:15
Оқылды: 12

Оралда мемлекеттік қызметті жаңғырту мен жастар әлеуеті талқыланды

Бүгін Орал қаласында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Батыс Қазақстан облысының жастарымен кездесу өткізді. Жиында мемлекеттік қызметті жаңғырту тұжырымдамасы аясындағы жұмыстар мен заңнамалық өзгерістер сөз болды.

WhatsApp Image 2026-04-23 at 13.06.54

Дархан Жазықбай өз сөзінде мемлекеттік қызметтің заман талабына сай өзгеріп жатқанын атап өтті:
«Қазіргі мемлекеттік қызмет – бұрынғыдай тек қағазбастылық емес, бұл – нақты нәтижеге бағытталған, ашық әрі цифрландырылған жүйе. Жас мамандар осы өзгерістердің алдыңғы қатарында болуы керек», – деді ол.

Сондай-ақ ол жасанды интеллект пен жаңа технологияларды меңгерудің маңызын ерекше атап өтті:
«Егер біз бәсекеге қабілетті мемлекет болғымыз келсе, онда әрбір мемлекеттік қызметші цифрлық құралдарды еркін меңгеруі тиіс. Бұл – уақыт талабы ғана емес, тиімділіктің басты шарты», – деді Дархан Жазықбай.

WhatsApp Image 2026-04-23 at 13.06.53

Сондай-ақ кадрлық іріктеудегі жаңа мүмкіндіктерге тоқталған агенттік төрағасы GPA көрсеткіші жоғары, академиялық жетістіктері үздік жастар үшін жеңілдіктер қарастырылғанын айтты. Мұндай үміткерлер конкурстық кезеңдердің бір бөлігінен босатылып, тікелей кадрлық резервке немесе қызметке ұсынылу мүмкіндігіне ие.

Кездесу барысында облыс әкімі Нариман Төреғалиев жастар саясатына тоқталып:
«Жастар – қай кезде де қоғамның негізгі қозғаушы күші. Жастарды әлеуметтік қолдау, әлеуетін арттыру, тың бастамаларын қанаттандыру қашанда маңызды. Сондықтан облыс басшысы ретінде жастармен тұрақты түрде кездесіп, олардың өтініш-тілегін, ой-пікірін ескеріп келемін», – деді.

WhatsApp Image 2026-04-23 at 13.06.54 (1)

Әкім мемлекеттік қызметтегі жастар үлесіне де назар аударды. Бүгінде жергілікті атқарушы органдардағы 2 197 мемлекеттік қызметшінің 657-сі немесе 31,7%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар. Бұл жастардың басқару жүйесіне белсенді араласып отырғанының айқын көрінісі.

Сонымен қатар кадрлық саясат аясында атқарылып жатқан жұмыстар да айтылды. 2024 жылы 423 үміткердің ішінен 30 жас маман өңірлік кадр резервіне қабылданып, олардың 22-сі бүгінде түрлі мемлекеттік лауазымдарда қызмет атқаруда. Бұдан бөлек, «Жайық жастары» бағдарламасы арқылы 113 жас баспанамен қамтылған.

WhatsApp Image 2026-04-23 at 13.06.53 (1)

Кездесу соңында қатысушылар жастардың мемлекеттік басқаруға қатысуын арттыру, цифрлық сауаттылықты дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Жиын сұрақ-жауап форматында жалғасып, Дархан Жазықбай жастардың сауалдарына жауап берді. Шара естелік суретке түсумен қорытындыланды.

Бекзат Қанәділ,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале