Кеше «Атамекен» өнер ордасында ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын, журналист Мұнайдар Балмолданың «Махаббат бер маған, тағдыр» атты шығармашылық кеші өтті. Ең алдымен, ұлтын сүйген, елім деп еміренген рухты ақынның бірнеше өлеңін жалынды жастар жатқа оқып, кеш шымылдығын түрді.
Жайықтағы жыр кешінде ҚР Мәдениет саласының үздігі, танымал эстрада жұлдыздары Мәдина Садуақасова, Индира Елубаева, Әліби мен Гүлнұр өнер көрсетіп, зал толы жұрттың ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ өңіріміздің дүлдүл әншілері Ернар Өмірәлі, Ербол Ақбасов, Дария Бақытова, Еркін Өтегенов, Медет Оразов, Бибігүл Берекетова, Мәулет Жұбатов, Әділ Ахметовтер де ақынның сөзіне жазылған әндерді әуелете шырқап, көрермен көңілін баурады.
Шығармашылық кеш Мұнайдар ақынның мерейлі жасына орай ұйымдастырылған екен. Кеш барысында алты құрлықты өнерімен тәнті еткен қазақтың талантты әншісі Димаш Құдайбергеннің бейнеқұттықтауы көрсетілді.
- Мұнайдар аға, туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздің шығарған туындыларыңыз халықтың ықыласына бөленіп, миллиондардың жүрегіне жетіп жатқаны сөзсіз. Оның куәсі – мен. «Махаббат бер маған, тағдыр» атты өлеңіңізді әлемнің түкпір-түкпірінде менің көптеген тыңдармандарым сүйсініп орындап жүр. Осы орайда сіздің қазақ тілінің дамуына қосқан үлесіңіздің зор екенін ерекше атап өткім келеді. Елдің бағына әманда аман жүріңіз, - деді елдің мақтанышы Димаш Қанатұлы.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қаламы қарымды қаламгер Мұнайдар Балмолданы мерейлі жасымен құттықтап, ілтипат көрсетті.
- Сізге деген елдің ықыласы айрықша. Сіз жырларыңызбен талай адамды сәулелі өмірге жетеледіңіз. Оралымды ойларыңызбен Отанды, елді сүюдің үлгісін көрсетіп келесіз. Өзі батыр, өзі ақын, бір басына бірнеше өнерді тоғыстырған Мұнайдар ағамыз - тек Жайық жұртшылығының ғана емес, барша қазақтың мақтанышы, - деді ол.
Шығармашылық кеште ақынның өлеңдері оқылып, сөздеріне жазылған әндер орындалды.
«Бойымда буырқанған күшім ерен,
Мен асаумын арқырап кісінеген.
Көзім – тұнық көрікті ой, рухым – дала,
Ішім – өлең» немесе
«Оралдың тарихы бар сан-салалы,
Көңілім оны аңсаудан шаршамады.
Жер астынан табылған көне шаһар,
Жайықпын деп жаһанға жар салады» деп жырлаған ақын өз кешінде қазаққа рух берерлік отты өлеңдерін оқыды. Әсіресе, көк бөрі сарынындағы өлеңдер топтамасы ерекше әсер етті.
Кеш соңында сөз алған Мұнайдар Балмолда бәріне алғыс айта отырып:
- Бәріміз бір жүрекпіз һәм бір қазақпыз. Бөлінетін ештеңе жоқ. Дүние-байлық өмір сүруге қажет шығар. Бірақ рухқа ақша да, марапат та керек емес. Біз бір тәңір Алланы таныған халықпыз. Халқымыз талай қайғы-қасірет кешіп, қорлық көрсе де, ар-намыс, рухынан айырылмады. Рух бірінші кезекте тұру керек. Рухымыз жоғары болса, ұлтымыздың ұпайы түгел, жұртымыздың абыройы асқақ. Көк аспанның астында көк туымыз желбіреп, халқымыз бақытты ғұмыр кешсін деп тілеймін. Ең бастысы, ұрпағымыздың болашағы жарқын, қазақтың рухы үстем болсын, - деді.
Алтынбек Ермекқалиев