8.11.2024, 14:45
Оқылды: 108

Оралда Мұрат Жұмашевты еске алуға арналған турнир өтті

Орал қаласында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мұрат Сүндетұлы Жұмашевты еске алуға арналған грек-рим күресінен облыстық ашық турнир өтті. Талай саңлақтың томағасын сыпырып, додаға салған бапкерді еске алуға арналған жарыста 2010-2011 жылдары туған жасөспірімдер кім мықтыны анықтады.

0551892b-1514-4bef-8a0a-0031b339d5f2

Жас балуандардың бұғанасын қатырып, алда болатын жарыстарға дайындау, өңірдегі талантты жастарды анықтау мақсатында ұйымдастырылған боз кілем бәсекесіне облыстың Бәйтерек, Бөрлі, Казталов, Теректі, Шыңғырлау аудандары мен Орал қаласынан, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен солтүстік көршіміздің Орынбор облысының жас палуандары қатысты.

Мұрат Сүндетұлы әр шәкіртінің елін сүйер азамат болып қалыптасуына, әсіресе, өмірден өз орнын табуға ерекше көңіл бөлді.  Ағамыздың қол астында жаттыққан Қанат Ғалиев, Алмас Салхаев, Сағидолла Әбішев, Әйбек Марданов, Артур Үмбетқалиев сынды палуандардың әрқайсысы бапкерін мақтан тұтады. Әрқайсысы өмірден өз орынын тапты. Ал әке жолын жалғаған ұлы Серік Жұмашев алдымен жастар кейін ересектер құрамасын баптады.

Өңірдің ғана емес, еліміздің грек-рим күресінің дамуына атсалысқан ағамызды еске алу турнирінің ашылу салтанатына облыстық  дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының м.а. Мирболат Нұржанов, Мұрат Сүндетұлы Жұмашевтың жолдасы Нұрзипа Хантөреқызы, бапкердің шәкірттері мен көзін көрген, жора-жолдастары қатысты.

– Грек-рим күресі әлемдік спортта жоғары рейтингті иеленіп жүрген, жастар тарапынан үлкен сұраныс тауып отырған басымды олимпиадалық спорт түрі. Жекпе-жек өнерінің бұл түрінде отандық палуандар дүниежүзілік аренада нәтижелі жетістіктерге жетіп жүр. Мұрат Жұмашев ағамыздың шәкірті Артур Үмбетқалиев жастар арасында Әлем чемпионы атанды. Парижде өткен ХХХІІІ Олимпиада ойындарының күміс жүлдесін Демеу Жадыраев иеленді. Батысқазақстандық жастар да ел намысын абыройлы қорғап жүр жастар олардың ішінде жастар арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы Қахарман Кисметов, жастар арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері Досжан Өтепқалиев, оқушылар арасында дүниежүзілік гимназиаданың қола жүлдегері Жарман Исмағұл бар. Осындай мықты палуандардың шығуы Мұрат ағамыз салған сара жолдың жалғасы,–деді Мирболат Нұржанов.

a0e9a625-efe3-4830-9dad-05c50feb6f79

Одан соң бапкер жары Нұрзипа апа сөз алып, жарыс ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.

Жарыс екі күнге созылды. 35 келі тартатын жеңіл палуандар да салмағы 100 келіден асатын апайтөс жастар да барын салды. Қорытындысында 35 келілік палуандар бәсекесін Асылан Мақаш, 38 келіні Әлихан Уәлиханұлы, 41 келіні Данил Абдульманов атты палуан жеңіп алды. 44 келіде Рахман Ізбасар, 48 келіде Сұлтан Нәсиполла, 52 келіде Арнұр Серік, 57 келіде Әбілхайыр Кеңес жеңіпаз атанса, 62 келі тартатын палуандар сынын Асар Құдайберген, 68 келіні Марғұлан Әбілахат, 75 келіні Жандос Қуат, 85 келіні Ислам Мәлік жеіп алса, 100 келі тартатын ауыр салмақты палуангдар додасында Мироас Дәулеткелді атты палуанның бәсі биік болды.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды.

Түгелбай Бисен
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале