30.11.2021, 9:50
Оқылды: 93

Оралда музей қашан пайда болды?

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің 185 жылдығына арналған «Музей - ғұмыр тағылымы» атты деректі тарихи-публицистикалық кітап қолыма тиді. Авторы – ҚР Мәдениет қайраткері, үздік өлкетанушы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сара Танабаева. Бұл кітаптың ең басты құндылығы – бір мысқал да артық-кемі жоқ,  нақпа-нақ деректермен оқырманға жол тартқан. Өңір деректерін, жөңкіле көшкен дәуір іздерін тырнақтап жиып, тарихи-рухани қазынаға айналдырған музей саласының адамзат үшін, қоғам үшін қаншалықты маңызы бар екенін пайым-парасатпен шебер жеткізген. Әр түрлі коллекциялар жинауға ден қойған,  біздің дәуірімізге дейінгі бағзы заман адамдарының іздерінен ізгілік іздеп басталған тараулар музейлердің пайда болу тарихына ұласады. Өз сөзін жаһан көшінің өлшемімен «Күллі адамзат ғұмырнамасымен салыстыра қарасаң, музейлер кәдімгідей балаң жаста – 400 жылдың төңірегінде» деп бастаған автор сол төрт ғасырдың 185 жылында, яғни шамамен соның тең жартысына жуық уақыттан бергі Ақ Жайық өңірі музейінің өткенін дәйекті деректер­мен дәлелдеп береді.

WhatsApp Image 2021-11-30 at 09.39.16

185 жыл!  Осы аралықта қандай тарих толқындарын кешіп, неше бір  оқиғаны бастан өткермеді дейсіз шежіресі сан дастан киелі өңірдің ең басты жидашысы – облыстық тарихи-өлкетану музейі! Мынау кітап сол тарихтан кертіп алып, тағылымды парақтарды бірінен соң бірін көз алдыңа тосады. Дәуірлер сөйлеп тұрғандай. Абыздар  әңгімелесуге келгендей. Бірінен-бірі өткен  сәттер мен кезеңдер кинолентадай жылжып, еріксіз  баурап әкетеді. Көне Орал шығады алдыңнан.

«Оралда музейдің пайда болуы осында оқу орнының ашылуымен тікелей байланысты екен. Біздің қаламызда бірінші рет білім ордасы 1812 жылы ашылып, оқу-тәрбие процесі қажеттігінен туындаған шығар, сонда бірден-ақ музей болуы міндеттеліпті. 1821 жылы бұл оқу орны өртеніп кетті. Содан 1831 жылы уездік әскери училище мәртебесінде ол қайтадан ашылады. Мәскеудің орталық мұражайларының құжаттары бұдан да гөрі нақтырақ уақыт межесін меңзейді. Ресей императоры 1831-1832 жылдары Орал казак әскерлеріне «ішімдік ішуден түскен жинақ» табысты халық ағарту ие­лігіндегі жалпылама нұсқаулар негізінде құрылған уездік училище қажетіне жұмсауға рұқсат еткен. Сонымен бірге 1834 жылғы есебінде Оралда өртенгеннің орнына  әскери училище құрылысы басталғаны туралы жазылған. Ал Орынбор әскери губернаторы басқармасы мен Орынбор корпусы командирінің 1836-1837 жылдардағы есептерінде «әскери училище құрылысы аяқталып, 1836 жылы сабақ басталғаны» баян етіледі. Сондай-ақ Орал әскери училищесінің жарғысында (VII тарау, параграф 36) «Кітапханашы әрі училище музейінің қараушысы, училище кітапханасы мен музейіндегі рет-ыңғай үшін сондағы кітаптардың, аспаптар мен заттардың бүлінбей, жоғалмай сақталуына жауап береді» деп атап көрсетеді. Училищеде музей болғанын  штат кестесі де растайды.

Istoriko-kraevedtcheskiy

«Орал әскери училищесінің штаты... кітапханашының (ол әрі музей қараушысы) жылдық жалақысы - 600 сом». Жарғыда Орынбор әскери губернаторы В. А. Перовский мен штаб бастығының қолы тұр. Біліп қойыңыз,  Құрманғазы бабамыз «Перовский маршы» деп күйін арнаған генерал-губернатордың  біздің музейдің тағдырына да қатысы бар екен. Әрі автор «...1836 жылы салынып біткен Орал әскери училищесінің үйі – қазір Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің жаратылыстану-география факультеті орналасқан ғимарат» деп текшелей тізіп береді өлке музейінің алғашқы баспалдақтары қалай басталғанын. Оқыған сайын өлке тарихына, қала тарихына бойлай түсесің. Орал музейінің құрылғанына биыл 185 жыл екеніне осынау деректер арқылы анық көзің жетеді.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде табаны күректей 44 жыл «маңдайдың терін мың сыпырып» (өз сөзі. авт.) жүріп  еңбек еткен, оның ішінде ширек ғасыр  осы мекеменің директоры болып  абыроймен қызмет атқарған Са­ра Есқайырқызының осы дүниесін «Музей – ғұмыр тағылымы» деп атауы да тектен-тек емес екенін түсінесің оқып шыққанда.

Музей ісінің қыр-сыры да, қызықты экспонаттардың жай-жапсары да, бастан кешкен уақиғалар да тартымды һәм боямасыз баяндалған. Өмірдің өзі сөйлеп, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны айырып, саралап отырады әңгіме желісінде. Замандастар келбеті арқылы адам психологиясы да әдеби шығармаға бергісіз ашылған. Айтпай бәрін танып отырасың. Автормен бірге қуанасың, бірге күрсінесің, арасында көзге жас үйіріліп, жылап та аласың. Қысқасы, ізгілік пен парасаттан және бұлтартпас шындықтан тұрады бұл кітап. Өлкені, Отанды сүюдің, оған аянбай қызмет етудің шынайы үлгісі де осында. Толықтырылып, екінші рет шығарылуы, сөз жоқ, оқырмандар тарапынан жоғары сұранысқа ие екендігінің куәсі. Ендеше, қазыналы кітабымыз құтты болсын, әлеумет!

Дариға Мұштанова,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын,

ҚР Мәдениет саласының үздігі,

ҚР білім саласының құрметті қызметкері

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале