12.07.2024, 10:45
Оқылды: 318

Оралда облыстық оқушылар айтысы өтті

Оралдағы Достық үйінде «Нағыз қазақ сөйлесе...» атты облыстық оқушылар айтысы өтті. Қазақтың төл өнерін жастар арасында насихаттау, ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, өскелең ұрпақты ұлттық өнерге баулуды мақсат еткен айтысқа 8 ақын қатысты.

64c6bcc0-5024-4f20-9300-66eb8377cafa

Қолына домбыра ұстап, сөз саптаған өрендер төрт жұп болып айтысты. Бір кезек телефонды домбыраға алмастырып, ұтымды ұйқас ойлап, жырдан моншақ терген жас өрендеріміз мақтауға тұрарлық. Айтыстың ең жас қатысушыларының бірі – Бақберген Әжіғұл өзінің сүйкімділігімен, еркін сөз саптауымен, ойнақы ұйқастарымен көрермен көңілінен шықты.

– Кетіпсің білім қуып Алматыға,

Немене бізде білім қалмады ма?!

Шәкірт болып жүр едің ғой  ағайыма,

Жоқ еді ешқандай  бір салмағың да.

Ақ Жайықтан Алматы  ыстық па еді?

Әлде сен ғашық па едің  тауға, сірә,

Қарашаңырақты қалдырып,  қаңғып барып,

Суық тигізіп алмашы сау басыңа, – деп Алматыдағы мектептердің бірінде білім алып жүрген қарсыласын қағытып, көрерменді ду күлдірді.

d36c73b0-4018-4e0e-a6de-448dee06c800

Жалпы айтысқа жас талапкерлер барынша тыңғылықты дайындалған. Жас ақындар қазақтың қара домбырасының қадір-қасиеті туралы сөз қозғап, еліміздің астанасы – Астана  қаласын да жырларына арқау етті. Ең басты­сы, бекзат өнерімізді ұлықтап, қара сөздің қадірін ұғып, қиыннан қиыстырып, сөз саптауға талпынып өсіп келе жатқан жастардың ат төбеліндей болса да, бар екені қуантты. Осы орайда  «Жұлдыз» комьюнити-орталығында айтыстың көш керуені үзіліп қалмасын деп, жас ақындарға бағыт-бағдар беріп, сахнаға алып шығып жүрген  үйірме  жетекшісі Орынбек Меңдіқұлдың еңбегі атап өтуге тұрарлық.  Тек бір әттеген-айы, оқушылар айтысына көрермен аз жиналды. Әр жерде бір селдіреп отырған көрерменнің өзі айтысқа қатысқан балалардың туыстары секілді.  Айтыскер жас ақындарымыздың шабытын шарықтататын көрермендердің қиқуы жетіспеді бұл айтыста. Келесі ұйымдастырылатын оқушылар айтысына сахнаға шыққан жас талапкердің сыныптастары, ұстаздары, тіпті сол мектептің бүтіндей ұжымы келсе де, артық болмас еді. Сонда басқа оқушылар да қатарына еліктеп, бірі домбыра үйреніп, енді бірі  ұтымды ұйқас құрауға талпынар ма еді деген ой қалды көкейде.

4c9a5ee1-1a47-4700-a2ed-6cbe78a538f1

Тағы бір атап өтерлігі, қаламыздағы №49 мектепте  айтыскер ақындар өсіп келеді екен. Айтыс соңында сөз алған №49 мектеп директоры Наташа Дүйсенқызы өзі басқаратын мектептің оқушылары  Бекзат Баян, Фариза Баян, Бақберген Әжіғұлға ұжым атынан арнайы сыйлықтар табыс етіп, барша жас ақынға сәттілік тіледі.

Орал қалалық ақпараттық талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысының орынбасары Дәурен Шамұратов және  Айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының мүшесі Естеміс Мұхамбетов жас ақындардың қадамы көңіл қуантатынын айтып, өрендерге шалқар шабыт тіледі.  Айтыс соңында  барлық қатысушыға Орал қалалық ақпараттық талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының тағайындаған арнайы жүлдесі табысталды.

Гүлжамал Жолдығали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале