19.12.2023, 10:45
Оқылды: 166

Оралда Оралбекті еске алды

Орал қаласында жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен Батыс Қазақстан облысының абсолюттік шемпионы, «Сырым» күрес мектебінің негізін қалаушы Оралбек Қожагелдинді еске алуға арналған республикалық ашық турнир өтті.

оралбек (2)

Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын татами тайталасында биыл 2008-2009 жылдары туған ұл-қыздар бақ сынасты. Жыл сайын жағырапиясы кеңіген додаға Ресей Федерациясының Орынбор, Сарытау облыстарынан, Татарстан мен Өзбекстан Республикаларынан және еліміздің Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан келген 300-ден астам жас дзюдошы қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатына облыстық де­не шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Мирболат Нұржанов, Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов, облыстық дзюдо федерациясының президенті Рустам Шайхиев, «Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағы» БҚО филиалының төрағасы Айдар Батырханов, белгілі ақын, «Атамекен» өнер ордасының басшысы Бауыржан Халиолла, Оралбек ағамыздың жан жары Сәуия апай және бапкері Қайыржан Баймағамбетов қатысты.

оралбек (3)

– Оралбек Қожагелдиннің есімі елге таныс. Оның өңір спортын дамытуға қосқан үлесі шексіз. «Сырым» күрес мектебінен шыққан талай жас еліміздің көк Туын желбіретіп, мерейімізді асырды. Артында өлмейтұғын із қалдырған елге сыйлы азаматтар қашан да құрметке лайық. Спорт жолын таңдап, Оралбектей боламыз деген жарыс қатысушыларына сәттілік тілеймін. Бабы мен бағы келіскен шын мықты жеңіске жетсін, – деді жарыстың ашылу салтанатында дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Мирболат Нұржанов.

оралбек (4)

Бірнеше күнге созылған татами бәсекесінде қыздар 40, 44, 48, 52, 57, 63 және +63 келі салмақ дәрежесінде кім мықтыны анықтаса, ұлдар жағы 50, 55, 60, 66, 73, 81 және +81 келіде бақ сынасты. Қорытындысын ең жеңіл салмақтағы қыздар сынында Азиза Асқарова (БҚО), 44 келіде Эльнара Ануарбекова (БҚО), 48 келіде Інжу Жұмажан (Атырау), 52 келі салмақ дәрежесінде Фатима Сұпығалиева (БҚО) жеңімпаз атанса, 57 келі бойынша бұрымды палуандар арасынан Ардақ Радикқызы (БҚО), 63 келіде Мухлиса Уринбаева (Өзбекстан), +63 келіде Алина Чекмарева (Ресей) алтын иеленді.

оралбек (5)

Ал жігіттер сынында 50 келінің алтын жүлдесін Нұрхат Зейнолла (БҚО), 55 келіде Абай Жанәділ (БҚО) ұтып алса, 60 келіде Нұрсұлтан Амандық (БҚО), 66 келіде Мырзатай Қадырбай (БҚО), 73 келіде Әділ Жұмабай (Ақтөбе), 81 келіде Дияр Сұлтангереев (Ақтөбе) жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді. Ал +81 келі салмақтың бас жүлдесін Жанарыс Базарбаев (Ақтөбе) иеленді.

оралбек (6)

Түгелбай Бисен,

Фото: Мәди Салық

«Орал өңірі»

оралбек (1)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале