15.12.2025, 15:00
Оқылды: 21

Оралда педагогтарға құрмет көрсетілді

«AMANAT» партиясының ғимаратында педагогикалық мамандықтарда білім алып жүрген студенттердің алғыс айту кеші өтті. «Ұстаз – ұлт келбеті» атты тағылымды шара болашақ мұғалімдердің өз ұстаздарына және ардагер педагогтарға деген құрметін білдіруге арналды.

WhatsApp Image 2025-12-15 at 14.01.28 (1)
Шараның ұйымдастырушысы – Mugalim Development & Scholarship Group орталығы.
Кеш барысында студенттер ән шырқап, би билеп, күй тартып, театралдық қойылымдар ұсынып, өнерлерін ортаға салды. Мазмұнды мәдени бағдарлама ұлы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесіне арналды. Шараның мәртебесін арттырған қонақтардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Болат Әбділманов, сондай-ақ Шымкент қаласынан арнайы келген «17» жастар театры болды.

WhatsApp Image 2025-12-15 at 14.01.28 (2)
Іс-шара барысында Орал қаласындағы Mugalim Development & Scholarship Group (MDS) жобасының жетекшісі Ерлан Әлжан жобаның қызметі мен жетістіктері туралы айтып өтті. Оның айтуынша, бүгінде жоба аясында 60-тан астам студент білім алуда. Соңғы үш жыл ішінде 90-ға жуық түлек жобаны тәмамдап, қазіргі таңда өз ауылдарында мұғалім болып қызмет атқарып жүр. Аталған жоба 2018 жылы құрылған.

49fad85d-28fb-4ec4-82e4-8371fff8e454

Оның бастамашысы – «Болашақ» бағдарламасының түлегі Жігер Тілеуханов. Ол елге оралған соң кәсіпкерлер мен қор өкілдерін біріктіріп, қазіргі заман мұғалімін қолдауға бағытталған арнайы жоба ұсынған. Алғашында Ақтау қаласында қор ретінде құрылған бастама кейіннен мазмұны кеңейіп, ағылшын тілін оқыту, пәндік (subject) дайындық, педагогтарға қажетті кәсіби дағдыларды дамыту бағытындағы бағдарламалармен толықты. Осылайша жоба бүгінде ауқымды MDS платформасына айналды.

WhatsApp Image 2025-12-15 at 14.01.29

Алғашқы кезеңде небәрі 10–15 адаммен басталған жоба қазір Орал қаласында 60 студентті қамтыса, Батыс Қазақстан облысы бойынша 450-ге жуық жас осы бастама аясында білім алуда. Бұл – мұғалім мамандығын жүйелі түрде қолдауға бағытталған жоба. Жобаның Орал қаласындағы демеушілері – Happy Cake торттар желісі мен Ploff асхана желісі. Демеушілермен тығыз әріптестік орнатылып, студенттерге жан-жақты қолдау көрсетілуде.
– MDS жобасының негізгі мақсаты – педагогикалық мамандықта оқитын студенттерді кәсіби тұрғыда даярлау, оларға демеушілік көрсету және болашақ мұғалімдердің сапасын арттыру. Осы мақсатта семинарлар, тренингтер, курстар ұйымдастырылып, университет бағдарламасынан бөлек ағылшын тілі мен пәндік тереңдетілген сабақтар өткізіледі. Сонымен қатар үздік студенттерге шәкіртақы тағайындалады. Жоба 1-курстан 4-курсқа дейінгі студенттерді қамтиды, – деді Ерлан Әлжан.

81a5829d-4c37-4218-ae7b-139c2a2c2777
Орталықта менторлар жұмыс істеп, олар кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, семинарлар өткізуге және кітаптағы құндылықтарды болашақ мұғалімдердің бойына сіңіруге баса мән береді. Осы бағытта тазалық, қайырымдылық фестивальдері сияқты тәрбиелік шаралар ұйымдастырылады.
– Жобаның түпкі мақсаты – ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, кәсіби әрі саналы педагогтарды даярлау. Өйткені бір мұғалімнің алдынан 2-3 мың оқушы өтеді. Бұл – тек білім беру ғана емес, тәрбие берудің де үлкен жауапкершілігі. Сол шәкірттердің арасынан болашақ дәрігерлер, адвокаттар, IT-мамандар мен мұнай саласының, қызметкерлері шығатыны сөзсіз. Сондықтан бір ғана мұғалімнің артында өте үлкен күш жатыр, – деді Ерлан Әлжан.

8c984c2d-cda1-4bd2-918f-a0d8f84b5344
Алдағы уақытта жоба концепциясын кеңейтіп, өзге де мамандықтарды қамту жоспарланып отыр. 2018 жылдан бері MDS жобасы еліміздің түкпір-түкпірінде білім саласына білікті кадрлар даярлауға өз үлесін қосып келеді.
Кеш соңында демеушілер тарапынан үздік деп танылған үш студент марапатталып, оларға құнды сыйлықтар табысталды.

 

Арайлым Бекқалиева 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале