Облыстық білім басқармасының 2024 жылғы 14 қазандағы №1223 бұйрығына сәйкес халықаралық «NatRoboCom2024 (National Robotics Competition)» роботтық техника жарысы бұл жолы Орал қаласында өткізілді.
Бұл жарыстың мақсаты – оқушылардың танымдық қызығушылықтарын арттыру, роботты құрастыру және бағдарламалау бағытындағы дарынды оқушыларды анықтау, оқушылардың бойындағы патриоттық сезімді қалыптастыру. Сайысқа Өзбекстан Республикасынан, Ақмола, Атырау, Жамбыл, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарынан 10-17 жас аралығындағы оқушылардан құралған командалар қатысты.
Сайыс төрт кезеңнен тұрды. Олар: «Робо ақ сүйек», «Робо арқан тартыс», «Робо қыз қуу», «Робо асық ату». Бұл кезеңдерде командалар өздері құрастырып әкелген роботтық техникалармен сынға түсті.
– Біз Ташкент қаласының «RoboKids» мектебінен келіп тұрмыз. Үш кезең бойынша алты оқушы алып келдік. Бұл сайысқа 2020 жылы Ақтау қаласында қатысқан болатынбыз. Бізге өте қатты ұнады. Сол себепті дайындығымызды күшейттік. Бірақ Қазақстандық әріптестеріміз де уақыт жоғалтпапты. Роботтары жаңа мүмкіндіктерге ие. Мұндай сайыстар тәжірибе бөлісуге, жаңаға ұмтылуға, өсуге шабыт береді, – дейді өзбекстандық өнертапқыштардың жетекшісі Эльдар Аппазов.
Жарыс қорытындысы бойынша «Робо ақ сүйек» санаты бойынша жүлделі І орынды Жамбыл облысы Меркі ауданынан келген Ернат Мырзабек пен Азамат Ахмет (жетекшісі Динара Абышева) иеленсе, «Робо арқан тартыс» санаты бойынша І орынға Батыс Қазақстан облысы Орал қаласынан қатысқан Нұртілек Нұрғали мен Темірлан Мулдаш (жетекшісі Анаргүл Таганиязова) ие болды. «Робо қыз қуу» санаты бойынша І орынға Қызылорда облысы, Қызылорда қаласынан келіп қатысқан Нұрасыл Жаймағанбет пен Нұрикрам Али (жетекшісі Асылбек Берсугиров) лайық деп танылса, «Робо асық ату» санаты бойынша І орынды Жамбыл облысы Тараз қаласынан келген Иманғали Төлеу мен Дамир Нұрбекұлы (жетекшісі Рахат Жұмағалиева) иеленді.
Жарыс жеңімпаздары облыстық білім басқармасының грамоталарымен, алғысхаттарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жанерке Ғинаят
zhaikpress.kz