Екі ай ішінде еліміздің барлық аймағын аралап шығатын «Шахмат керуені» 25 қазан күні Оралдағы шахмат озаттарын анықтайды. Керуеннің келу құрметіне сағат 10.30-де Тұңғыш Президент алаңында мерекелік шара ұйымдастырылып, Қазақстан шахмат федерациясының облыстық филиалы ашылады.
Ашылу салтанатынан соң швейцарлық жүйе бойынша 11 кезеңнен тұратын блицтен турнир болады. Онда облыстық іріктеуден өткен 20 адам өзара бақ сынасып, үш жеңімпаз гранд-финалға жолдама алады.
Сондай-ақ жартылай финалдың ойыншылары «Әйелдер арасындағы үздік көрсеткіш», «16 жасқа дейінгі үздік қатысушы» және «50 жастан асқан ардагер ойыншы» аталымдары бойынша марапатталып, әрқайсысына 30 мың теңгеден ақшалай сыйлықтар табыс етіледі.
Арнайы тігілген мобильді киіз үйде алдын-ала тіркелген 10 әуесқой шахматшы гроссмейстермен бір мезеттік ойын сеансына қатысады.
«Шахмат керуені» – Қазақстан шахмат федерациясының өңірлердегі интеллектуалды спорт түрін дамыту үшін қолға алған жобасы. Ұлттың зияткер ұрпағын қалыптастыруды мақсат еткен жобаға Freedom Broker компаниясы бас демеушілік жасап отыр.
Екі ай ішінде 14 мың шақырым жол жүріп, ел аймақтарын аралап шығатын автокеруен 10 қараша күні Түркістанға келіп табан тірейді.
Әр облыстан озып шыққан 60 ойыншы ой жарыстыратын гранд-финалдың жеңімпазы 5 миллион теңгені өз қанжығасына байлайды.
Ал керуеннің жалпы жүлде қоры 16 миллион теңгені құрайды.
Батыс Қазақстан облысы бойынша ақпараттық байланыс
Нұрлыбек Рахман +7 707 177 80 70
Айта кетейік, Қазақстан шахмат федерациясы тұңғыш рет 1992 жылы құрылды.
Оның бірінші басшысы ақын, жазушы және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов болды.
Соңғы он жылда қазақ шахматы қарқынды дамып келеді.
Атап айтсақ, балалар, жасөспірімдер және жастар арасындағы әлем чемпионаттарында отандастарымыз 100-ден астам медаль жеңіп алды. Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева сияқты гроссмейстерлер әлемдік шахмат элиталарының қатарында.
Былтыр желтоқсанда Алматыда өткен әлем чемпионатында Бибісара Асаубаева блицтан Қазақстанға алтын әкелсе, Динара Сәдуақасова жылдам шахматтан вице-чемпион атанды.
Биылғы сәуір айында Астанада шахмат тәжі үшін болған үлкен матчта 17-ші әлем чемпионы анықталды. Осынау тарихи оқиғадан кейін Ақтау қаласында 53 елден 400-ден астам шахматшы келіп қатысқан World Schools Team Championship өтті.
Бүгінде елімізде 7 мыңға жуық шахмат секциясы бар. Онда 253 мыңнан астам адам интеллектуалды спорт түрін меңгеріп жатыр.
2023 жылғы шілдеде Үкімет Қазақстан Республикасында шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Осы жоспар аясында бес жылда бастауыш сыныптағы балалардың 20 пайызы «Шахмат негіздері» таңдау пәнімен қамтылмақ.
Қазақстан шахмат федерациясының бас серіктесі Freedom Broker атап өткендей:
«Шахмат – жай ойын емес, ол адамды жоспарлау мен талдауға үйретіп, төзімділік пен шыдамдылыққа тәрбиелейтін ақыл-ой жаттығуы. Біз Қазақстан шахмат федерациясына қолдау көрсету арқылы елдің экономикалық дамуы мен жастардың болашағына және стратегиялық ойлау мәдениетін қалыптастыруға инвестиция салып жатқанымызға сенімдіміз».