Салтанат сарайында «Smart City Uralsk» атты І халықаралық форум өтті. Оған Финляндия, Франция, Австралия, Ресей елдерінің және қазақстандық компаниялардың өкілдері қатысты.
Жиынға арнайы келген облыс әкімі Алтай Көлгінов әуелі смарт технологиясы бойынша компаниялар өнімдері мен қызметтері ұсынылған көрмемен танысты.
-Жаһанданудың басты талабы – қоғамның барлық саласының жаңаруы. Үздіксіз жүріп жатқан процестерге ілесудің, дамудың жаңа кезеңіне қадам басудың бірден бір жолы – модернизация. Ғаламдық сынақтарға төтеп беру мақсатында алдымызға экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғырту міндеті қойылды.
Орал қаласында «Smart City - Ақылды қала» атты жаңа кешенді жоба жасақталуда. Бұл концепцияның басты мақсаты – тұрғындар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Сарапшы ретінде тәжірибесімен алмасу мақсатында біз Еуропада екі мәрте үздік «Ақылды қала» жоба операторы «Бизнес Оулу» фин компаниясын шақырдық. «Ақылды қала» смарт технологияларды енгізуді, өнеркәсіп құруды, адам капиталының дамуын және қала өмірін өзгертуді көздейді. Біздің бірлескен жұмысымыз инновациялық технологияларды пайдаланып, өмір сапасын жақсартудан басқа, әр түрлі салада экономикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, - деді форумды ашқан Алтай Сейдірұлы.
Содан кейін сөз алған 'Бизнес Оулу' компаниясының директоры Джуха Ала-Мурсуланың айтуынша, Финляндиядағы Оулу шаҺары Еуропада смарт технологияны пайдалану бойынша үздік атанып отыр. Оған олардың компаниясының қосқан үлесі көп. Олар медицина, білім, әлеуметтік салалармен қатар, тамақ өнеркәсібі, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бағытында да жаңа технологияларды кеңінен пайдалануда. Оралдықтармен өз тәжірибесімен, әсіресе, бұл бағытта қатені болдырмау жолындағы алдын алу шараларымен бөлісуге дайын.
Осы елден келген тағы бір мейман, VTT Finland техникалық зерттеу орталығының өкілі Илька Кайстро энергия үнемдеу турасында өз зерттеулерін баяндап, өздері дайындаған шағын, тұтынуға ыңғайлы күн панелдері мен LED шамдарын көпшілік назарына ұсынды.
Жиын барысында ресейлік және қазақстандық компаниялардың өкілдері тұрғын-коммуналдық шаруашылығында, қоғамдық көлікте қызмет түрлерін жақсарту, ондағы ашықтықты қамтамасыз ету, шығындарды азайту бағытында өз қызметтерін ұсынып, идеяларымен бөлісті. Олардың ішінде оралдық 'ZB Invest' ЖШС-ның бас директоры Біржан Жанғалиев те бар.
Жиынды қорытындылаған Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев форум барысында ұсынылған әрбір жоба бойынша жұмыс жасауға дайын екенін айтып, мұндай жиын енді дәстүрлі түрде өтетінін жеткізді.
Форум соңында облыс әкімдігі 'QAZAQ SMART SISTEM' ЖШС , 'Advantage Kazakhstan' ЖШС, 'Самара әуе ғарыштық кластері' кәсіпорнымен, 'Pow Aero' (Франция) компаниясымен, ал Орал қаласы әкімдігі «Бизнес Оулу» фин компаниясымен меморандумға қол қойды.
Сəкен Əбілхалықов
zhaikpress.kz