БҚО әкімдігі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп «Ақылды қала» жобасы аясында сәби дүниеге келгенде көрсетілетін проактивті мемлекеттік қызмет түріне пилоттық жоба жасады.
Осы қызметті алғаш қолданған тұрғын Әлия Кәрімова перзентханадан шықты. Әлия перзентханада телефон нөмірін mgov мобильді қосымшасына тіркеп берген ХҚКО қызметкерлеріне алғысын айтты. Өмірге тұңғыштары келген Әлия туу туралы куәлікті SMS арқылы жылдам рәсімдеп, үйден шықпай-ақ алуға болатын Орал қаласында осындай қызмет барына таңданысын жасырмады.
«Электронды үкімет» базасына тіркелген жас босанған ананың телефонына құттықтау хабарлама келеді. Ол хабарламада өмір есігін ашқан нәрестеге есім ұсынуға болатынын, сол арқылы туу туралы куәлікті рәсімдеуге болатыны айтылады. Одан кейін бұл жүйе арқылы тіркеуші орган кейбір ақпаратты анықтау үшін ғана қызмет алушыға хабарласуы мүмкін. SMS хабарлама арқылы тек туу туралы куәлікті емес, жөргекпұл, жәрдемақыны рәсімдеп, баланы балабақша кезегіне тіркеуге де болады.
– Елбасының кешегі халыққа жолдауының 8 және 10 бөлімінің іске аса бастағанына көз жеткіземіз. Онда Елбасы «Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік береді» деген болатын. Облыстық әкімдік бастамасы арқылы «Смарт сити» жобасы біздің облыста тиімді іске асуда. Соның арқасында қалалықтардың уақыты үнемделіп, қолайлы жағдай жасалуда, - дейді облыс әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары Расул Медетов.
zhaikpress.kz