Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде Батыс аймақтық ЖОО студент қыздары арасында волейболдан спорттық студенттік лига өтті. Бұл туралы БҚАТУ-дың медиа орталығы хабарлады.
Екі күнге созылған жарысқа А.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің және Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың командалары қатысып, өз бақтарын сынады.
Спорттық шараның ашылу салтанатында университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов пен БҚО волейбол құрама командасынын бас жаттықтырушысы Нұрсұлу Губашева командаларға сәттілік тілеп, мықтылардың жеңіске жетеріне сенім білдірді.
Батыс өңірдегі жоғары оқу орындарының волейболшы қыздары үшін мұндай жарыстар бәсекелестіктен бұрын достық қарым-қатынастарын нығайтуға себепші болады. Әйтсе де, сайыста спорттық шеберліктерін жасырып қала алмайды. Ойын нәтижесінде жүлделі І орынды Ақтаудан келген Есенов университетінің қыздар командасы жеңіп алды. Ал екінші және үшінші орындарды алаң иелері Жәңгір хан университеті мен Ақтөбеден келген Жұбанов университетінің қыздары өзара бөлісті. Спорттық студенттік лиганың І және ІІ орын алған жүлдегерлері Астана қаласына финалдық ойындарға жолдама алды.
Тағы бір қуанышты жаңалық – Жәңгір хан университетінің командасы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өткен батыс аймақтық жоғары оқу орындарының ерлер командалары арасындағы спорттық студенттік лигада ІІ орынды иеленді. Енді БҚАТУ-дың волейболдан ерлер және қыздар командалары Астанада өтетін финалдық кезең – республикалық студенттік спорт лигасында өз шеберліктерін сынға салатын болады.