Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов Телеорталық ауданындағы және Деркөл кентіндегі саяжайлардың тұрғындарымен кездесті. Бұл туралы Орал қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуде су тасқыны салдарынан келтірілген шығынды есептеу, біржолғы әлеуметтік көмек, жаңа баспана алу секілді мәселелер көтерілді.
Шаһар басшысы су тасқынынан зардап шеккен әр тұрғынға тиісті көмек көрсетілетінін айтты.
Оның мәлімдеуінше, қазір қалалық комиссия тұрғындардан түскен өтініштер бойынша жұмыстанып жатыр. Комиссия мүшелері мекенжайлар бойынша шығып, шығынды есептеп, соған сәйкес шешім шығарады. Қазір тұрғындардан шығынды өтеу бойынша 9 мыңнан аса өтініш түскен.
100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек тексеру актісі бойынша беріліп жатыр.
Қала бойынша күні бүгінге 6 мыңға жуық адамға төлемақы аударылған.
Кездесу барысында аталған саяжайлардағы өзге де қордаланған мәселелер талқыланып, шешу жолдары қарастырылды.
zhaikpress.kz