Биыл қала аумағында республикалық «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы өтті. Қала тазалығына үлес қосуға 50 мыңға жуық оралдық атсалысты. Бұл туралы Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі жазды.
Сурет сайт архивінен / zhaikpress.kz
«Таза Қазақстан» акциясы аясында қалада «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл Аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» іс-шаралары оздырылды. Сондай-ақ апта сайын «Таза бейсенбі» іс-шарасы ұйымдастырылды.
Қала аумағы 24 округке бөлініп, әр округ үшін әкімшілік жауаптылар, мәслихат депутаттары, жергілікті полиция қызметкерлері тағайындалды. Жеке үйлерге, бизнес нысандарға, мемлекеттік мекемелерге тиесілі аумақты абаттандыру бойынша мониторинг жүргізілді.
Акция басталғаннан бері қала аумағынан 32 579 текше метр қоқыс, 19 стихиялық қоқыс орны жиналды. Барлығы 3 500 ағаш отырғызылды.
Қаламыздың әр бұрышында пайда болған газондар қала көркіне көрік беріп, эстетикалық көрінісін жақсарта түсуде. Әрі автоматтандырылған суару жүйесі де қазіргі заман талабына сай келеді. Өткен жылы 18 орында, биыл 7 орында газон төселіп, автоматтандырылған суару жүйесі орнатылды.