Оралда телефон алаяқтарына жәрдемдесті деген күдікпен ер адам ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Сурет: Polisia.kz
Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы телефон алаяқтары пайдаланған абоненттік нөмірлерді жаппай іске қосуға қатысы бар деген күдікпен 23 жастағы қала тұрғынын ұстады. Алдын ала тергеу деректері бойынша күдіктілер өздерін Ұлттық банк қызметкерлері ретінде таныстырып, WhatsApp мессенджері арқылы "банктік шотты қорғау" деген жалған желеумен Орал қаласының тұрғынынан 10 млн теңгеден астам қаражатты алдап алған. Қолданылған байланыс нөмірлерінің барлығы Орал қаласында тіркелгені анықталды. Жедел іс-шаралар барысында Алматы қаласының тумасы шілде айынан бері Оралда уақытша тұрып жатқан азамат қолға түсті. Ол Telegram арқылы байланысқа шыққан қылмыстық топтың нұсқауымен SIM-карталарды бөгде адамдардың атына рәсімдеп, оларды WhatsApp-та тіркеп, әрі қарай басқаруды алаяқтарға беріп отырған. Күдіктінің тұрғылықты мекенжайын тексеру кезінде мобильді телефон, роутер, модем, SIM-карталарға арналған арнайы құрылғылар, түрлі операторлардың SIM-карталары және компьютерлік техника тәркіленді. Азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта іске қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтау бағытында жедел шаралар жүргізілуде. Осы жылдың басынан бері Орал қаласы прокуратурасының үйлестіруімен БҚО-да полиция алаяқтық топтар үшін абоненттік нөмірлерді жаппай рәсімдеумен айналысқан бес адамды, соның ішінде екі студентті анықтап, қылмыстық жауапқа тартты. Полиция азаматтарға абоненттік нөмірлерді жалған тұлғаларға рәсімдеу немесе оларды үшінші тұлғаларға беру қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Сондай-ақ күмәнді ұсыныстар немесе заңсыз әрекеттерге тарту белгілері байқалған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарлау қажеттігін айтады.