Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Қазақстан xалқының тілдері күні мерекесіне орай «Тіл - тұтастық туы» атты тілдер фестивалі өтті.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған шараға облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Омар Жәлел, EDTECH.kz xалықаралық білім орталығының бас директоры, Phd докторы Ғани Бисенбаев, Ресейдің Саратов қаласындағы қазақ диаспорасы өкілдері және облысымыздағы тіл жанашырлары қатысты.
– Құрметті Ақжайық өңіріне келген қонақтарымыз және тіл жанашырлары, Қазақстан халқының тілдері күні құтты болсын! Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 5 қыркүйек – Қазақстан xалқының тілдері күні мерекесі болып белгіленді. Тіл – әр мемлекеттің биік тұғыры. Қазақ тілі – біздің мемлекеттік тіліміз. Ол туралы Конституциямыздың 7 бабы, 1 тармағында тайға таңба басқандай жазылған. Ал батысқазақстандықтардың 85 пайызы қазақ тілін еркін меңгерген. Олардың 10 пайызы өзге ұлт өкілдері болып табылады. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Елімізде тұратын 130 дан астам ұлт өкілдерімен бізді бір тағдыр біріктіреді, барлығымыз бір мемлекеттің шаңырағындамыз. Сондықтан мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, өзге ұлт өкілдерінің тілдерін құрметтеуге тиіспіз. Қаламыздағы Достық үйінде әр ұлттың өз тілін меңгеріп, өзгеге үйретуіне барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар үштілділік бағдарламаларын балабақшадан бастап енгізудеміз. Егер мемлекеттік тілмен қатар орыс тілін білсеңіз, таным шекараңыз кеңейе түседі. Ал ағылшын тілін меңгерсеңіз, дүниежүзінің жартысынан астам мемлекетінің білімін, ғылымын және жетістіктерін меңгере аласыз. Сондықтан кемінде үш тіл білуге талпыныңыздар, – деді Ғабидолла Абдоллаұлы.
Сахна төріне ақын, жұбантанушы Үзілдік Елубаева және Тасқала ауданы әкімінің орынбасары Люция Жұбанышқалиева шақырылып, Тіл саясаты комитетінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар М. Өтемісов атындағы БҚМУ ұстаздары, филология ғылымдарының докторы Ғабит Хасанов, филология ғылымдарының кандидаты Құспан Аронов, Бөрлі аудандық демалыс орталығының ақпараттық-полиграфиялық бөлімінің меңгерушісі Вероника Пермитина, Шыңғырлау аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Өмірбек Бекениязов, Зеленов ауданындағы Маxамбет жалпы орта білім беретін мектеп-балабақшасының қызметкері Анна Фоменко облыс әкімі Алтай Көлгіновтің алғыс xатымен марапатталды. Сондай-ақ тілдерді дамытуға үлес қосқан белсенді азаматтар мен мекемелер марапатталды.
Шара барысында халықаралық ән, күй байқауларының лауреаттары Ақылбек Бектасов және Марат Сарбөпеев «Шалқыма» күйін орындап, «Сәлем саған, туған жер» әнін шырқады. Фестивальдің арнайы қонағы, қазақ эстрадасының жұлдызы Қуандық Рахым «Туған ел», «Мен қазақпын» әндерін әуелетті.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасы қызметкерлерінің мәлімдеуінше, тіл фестивалі аясында бірнеше дөңгелек үстел және көркемсөз оқулары сияқты танымды шаралар ұйымдастырылуда. Астана қаласынан шақырылған қонақтар қаламыздағы жоғары оқу орындарында, техникалық, кәсіптік білім беру ұйымдарында және Орал қаласының әскери бөлімінде ұлттық құндылықтарымыз туралы дәрістер оқитын болады.
Айым ТӨЛЕУҒАЛИ
Zhaikpress.kz