Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыста өтіп жатқан жасөспірімдер мен жастар арасындағы тоғызқұмалақтан ел чемпионатына арналған және өңірдегі, елдегі спорттың осы түрінің дамуына арналған брифинг өтті.
Оған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов, тоғызқұмалақтан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дәулет Әбдікәрімов және БҚО тоғызқұмалақ федерациясының атқарушы директоры Данияр Орынбасаров қатысты.
– 2004 жылы облыста тоғызқұмалақтың негізі қаланды. 2005 жылы Орал қаласында ересектер арасында алғаш рет чемпионат ұйымдастырылды, ал 2009 жылы жастар арасында Қазақстан чемпионаты өткізілді. Сол кезде оған 350-ге жуық жас спортшы қатысқан. Жалпы спорттың осы түрі өңірде кеңінен насихатталып келеді. Орал қаласында 2016 жылы жасөспірімдер, 2022 жылы ересектер арасында командалық чемпионат, 2024 жылы ардагерлер арасында ел біріншілігі өткізілді. Бұл шаралар тоғызқұмалақтың барлық буын өкілдері арасындағы байланысты нығайтып, ойынның маңыздылығын арттыра түсті. Енді биыл жастар чемпионатын үлкен деңгейде өткізу қолға алынды. Бұл тоғызқұмалақтың дамуына жаңа серпін берері сөзсіз. Жайық жағасындағы шемпионатқа еліміздің 16 облысынан және ірі қалаларынан 400-ге жуық жас спортшы қатысуда. Олар рапид, классика және блиц түрлерінен кім мықтыны анықтайтын болады, – деді басқарма басшысы.
Бақдәулет Маратұлы Оралда тоғызқұмалақтан Азия чемпионатын өткізу жоспарланғанын да айтты. Сонымен қатар интеллектуалды ойындарға арналған жаңа орталық ашу мәселесі де күн тәртібінде.
2008 жылы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясын құру туралы бастама көтерілген. Оның құрылтайы Орал қаласында өткізілді. Содан бері аталған федерация президенті қызметін Әлихан Бәйменов атқарып келеді. Осы жылдар ішінде тоғызқұмалақ қарқынды дамыды. Жыл сайын жаңа бастамалар жүзеге асып, жаңа міндеттер қойылды.
Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінде 100-ден астам жарыс өткізіледі. Әлемдегі танымал «Зияткерлік ойындар» порталдарында тоғызқұмалақ ең көп ойналатын спорт түрі саналады. Қазіргі таңда 100-ден астам мемлекеттің спортшылары онлайн ойнауға мүмкіндік алды. Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының шешімімен тоғызыншы айдың тоғызыншы күнін «Тоғызқұмалақ күні» деп атау біртіндеп тәжірибеге еніп келеді. Чехия, Испания, Румыния, Оңтүстік Корея, Колумбияның Кали қаласында халықаралық турнир өтті. Жарысқа Колумбия, Бразилия, Мексика, Эквадор, Аргентина, Чили, Гватемала, Панама, Венесуэла, Бенин, Нигерия, Катар сияқты елдерде түрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылған.
– Оралда өткізіліп жатқан жарыс бұл облыстағы спорттың осы түрінің дамуына серпін береді. Осы кезге дейін ел ішінде де, шетелде де ұлттық ойынымызды дамытуға бағытталған біраз жұмыс атқарылды. Абай сүйіп ойнаған ойынды әлемдік деңгейге шығару жолындағы жұмыстар бір сәтке де тоқтамайды, – деді Дәулет Әбдікәрімов.
Одан соң сөз алған Данияр Орынбасаров 400-ден астам спортшының басын қосқан чемпионат жас спортшылардың тәжірибесін арттырып, шеберлігін шыңдай түсуге септігін тигізетінін атап өтті.
– Облыста тоғызқұмалақтың дамуына үлес қоса береміз. Ұлттық ойындарының танымалдығын арттыру үшін күш-жігерімізді саламыз. Биылғы чемпионат спортшылардың шеберлігін арттыруды ғана емес, тоғызқұмалақ ойынының кеңінен таралуына, ұлттық мәдениетіміздің сақталуына үлкен үлес қосады. Бұл чемпионат спортшылар үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін маңызды оқиға, – деді Данияр Исламғалиұлы.
Қазіргі таңда озық ойлы спортшылар додасы қыза түсті. Тоғызқұмалақтың классика түрінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. Өңір спортшылары бір қола еншіледі. Оның иесі 15 жастағы тоғызқұмалақшылар арасында бақ сынаған Әбдірахман Текебай.
Алдағы уақытта блиц және рапид түрлерінің жеңімпаз жүлдегерлері анықталады.
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»
Сурет БҚО спорт басқармасынан