13.03.2023, 14:32
Оқылды: 114

Оралда төтенше жағдай жарияланды

Соңғы екі-үш күннен бері Орал шаһарының тұрғындары әбігерге түсті. Әсіресе Зашаған кенті аумағындағы біраз үйді су басты. Біз су басқан үйлерді көзбен көріп, тұрғындармен тілдеспек ниетпен жолға шықтық. Ең алдымен, демалыс күндері су кіріп, студенттерін туыстарына жіберген медициналық колледждің жатақханасына бас сұқтық.

WhatsApp Image 2023-03-12 at 18.21.29

Жатақхана коменданты Лариса Тоғызақова құдды бір мемлекеттік құпияны айтып қоярдай күмілжіп, бізге жауап беруден қашқақтады. Дегенмен нығырлап қоймағасын «Жатақхана құрғаған жоқ. Су бір келіп, бір кетіп тұр. Жұмысшылар бақылап, келген суды насоспен айдап, сыртқа шығаруда. Ақылы жатақханада 140 студент тұрады» деген ол «Студенттер айына, жылына қанша төлейді?» деген сұрағымызға жауап берместен, кері бұрылып, кете барды. Ары қарай біз Құлагер, Тұмар ханым көшелерін араладық. Құлагер көшесінде су азайып, жер біраз дегдіп қалыпты.
– Жыл сайын біздің көше су, балшық болып жатады. Келін болып түскеніме жеті жыл болды. Содан бері күз бен көктемде балшыққа батып жүрміз. Үйде мүмкіндігі шектеулі 16 жастағы қыз бар. Оны «Шапағат» орталығына осындай кезде мүлдем апара алмаймыз. Өйткені біздің көшеге автобус кірмейді. Ал ол қыз мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, дұрыс жүре алмайды. Кішкентай балаларды балабақшаға, мектепке апарған кезде де қиналып қаламыз. Қазір аула толы су. Үйіміз су кіруден аман. Көлікті де көшенің шетіне тастап кетеміз. Көшемізге дұрыс жол төселсе, жақсы болар еді, - дейді Тұмар ханым көшесіндегі 30 үйдің тұрғыны Қамария Талапова.
М. Мөңкеұлы көшесіндегі көпқабатты үйлердің біразына су кіріп, 85/6-үйдің жертөлесін су басып кеткен. Аула сыпырушы Берік Мырзағалиев суды насоспен айдап, ағызып жатқанын айтты. Осы көшедегі «Алтындар» гипермаркетіне қарсы беттегі (нөмірі ілінбеген) үйдің айналасы көлкіген су. Әр подьездің алдына қапшықтар төселген. Жөн сұрасуға айналасынан жан баласын көрмедік. Тым-тырыс. Бекимова көшесі де суға толы. Осы көшедегі 24 үйдің ауласына кіру мүмкін емес. Өкінішке орай, бұл үйдің иелерімен сөйлесе алмадық. Жалаңтөс батыр көшесі, 14-үйде тұратын Аида Төлегенова соңғы екі-үш күннен бері сумен алысып, әбден мазасы кеткенін айтады.
– Екі күн бұрын үйге су кірді. Көрші-көлемінің суы біздің үйге кіреді. Екі әжетханам, септигім бәрі суға толды. Септикті жақында тазалатып алып едім. Зашаған әкімдігіне хабарлассам, «Үлгере алмай жатырмыз» деп айқайлап тастады. Бүгін қала әкімдігіне хабарластым. Үш бөлмелі еді үйіміз. Залымыз ылғалданып, салқын тартып тұр. Жұбайым түнге үшке дейін сумен алысып, ұйықтаған жоқ, - дейді Аида.
         Зашағанда жағдай тұрақты

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бүгінгі күннен Орал қаласында төтенше жағдай жарияланды.
– Ауа-райының күрт жылынуы, қардың қарқынды еруі және жер тоңының қалың болуына байланысты кеше Свистун гора және Сарытауда, Саратов тас жолының бойындағы каналдар және Құс фабрикасындағы өткелде еріген су пайда болды. Тиісінше, су өткізгіш құбырларда еріген судың көп мөлшерін өткізуге мүмкіндік болмады. Саратов тас жолының бойында орналасқан 8 көпқабатты үйдің жертөлелерін су басты. (Мөңкеұлы 97/2, 97/3, 97/4, 105, 105/1, 107/1, 113, 115). Нәтижесінде арналар толып, еріген сулар жоғары шекарадан өтті. Қазіргі уақытта су өткізуді жақсарту үшін Айтқұлов көшесінде жол кесілді, - деп атап өтті қала әкімінің орынбасары Ж. Дүйсенғалиев. .
Саратов тас жолының бойындағы «Алтындар» гипермаркеті мен «Автодоктор» ТБС-ға қарама-қарсы су өткізу каналының 2 учаскесінде КАТ («Жайық Таза қала» ЖШС) техникасымен топырақ төгіліп, мотопомпалар орнатылды. Қазіргі уақытта жоғарыда аталған үйлердің жертөлелерінде еріген су сору жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 8 ПМ, 2 андижанец, 2 вакуумдық машина және 3 мобильді мотопомпалар тартылып, 1127 метр текше су сорылды.
Жексенбі күні электр сымдарының тұйықталуына жол бермеу мақсатында электр энергиясын беру (990 абонент) және жылыту жүйелері (жоғарғы қабаттар) өшірілді. Жексенбі күні кәріз жүйелерінің еріген сулармен толып кетуіне байланысты Зашаған кентінде су беру қысымы төмендеді (70 000 абонент). Қазіргі уақытта су беру қалпына келтірілді.
– Қазіргі уақытта Зашағанда жағдай тұрақты. Қала бойынша 223 365 текше метр қар шығарылып, 30 559,5 текше метр су сорылды. Су тасқынына қарсы іс-шараларға 136 бірлік техника (су сорғыш – 39, инженерлік – 68, мотопомпалар — 19 және қосымша техника — 29) және 100-ден астам адам жұмылдырылды. Сондай-ақ 4000-ға жуық қап дайындалып, су басқан жерлерге жеткізілді. Қала бойынша 27 құрама-эвакуациялық пункт анықталды. Сонымен қатар су басу қаупі төнген жағдайда халықты орналастыру үшін қосымша 10 мектеп, 1 мәдениет үйі («Деркөл» м/ү) және 1 спорт кешені («Орал» спорт клубы) белгіленді. Халықты төтенше жағдай орнынан эвакуациялау үшін 6 мекемемен 30 автобусқа келісімшарт жасалды. Зардап шеккендерді уақытша орналастыруға облыс орталығының екі қонақ үй кешендерімен ниетшарт жасалды. Қазіргі уақытта үйін су басқан бір отбасы уақытша «Саяхат» қонақ үйіне орналастырылды, (Физкультурная, 1/3) - дейді қалалық төтенше жағдай басқармасының басшысы А. Ешмұқанов.

Гүлжамал Жолдығали

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале