17.03.2018, 15:50
Оқылды: 57

Оралда төтеншеліктер саяжай тұрғындарына сақтық шараларын ескертті

20180317_101801(2)-1Бүгін БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өзен суының деңгейі көтерілген жағдайда су басу қаупі болуы мүмкін 1, 2-саяжайлар мен Ет комбинаты аумақтары тұрғындарына жадынамалар таратты.


Бұл шараға төтеншеліктердің 50 қызметкері мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының «Жас Отан» Жастар қанатының 30 шақты еріктілері қатысты. Олар таратқан жадынамаларда көктемгі су тасқынында туындайтын қауіп-қатердің алдын алу шаралары, тұрғындар орындауға тиісті іс-әрекеттер жөнінде жазылған.

20180317_103542-1-1- Қазір облысымыздағы барлық өзен қысқы режимде. Жайық өзені бойынша су деңгейі 5-6 метр болады деп күтілуде. Өткен жылы ең жоғарғы көрсеткіш 23 мамыр күні 588 сантиметрді құрады. Облыс тұрғындары су басу қаупі болған жағдайда қауіпсіздік шараларын ұмытпаса екен дейміз. Олар бірінші кезекте қажетті азық-түлік қорын, құжаттар мен дәрі-дәрмектерді, бағалы заттары мен ақшаларын жинақтап қоюлары қажет.

Сонымен қатар, әсіресе, жер үйлерде тұратындар ауладағы қарды шығарып, төтенше жағдайлар қызметкерлерінің кеңестерін, ұсыныстарын орындағандары жөн. Бұндай шара жыл сайын өткізіледі. Сондықтан да бұл аумақтардың тұрғындары бүгінгідей іс-шаралармен таныс деп айтуға болады. Жайық өзенінің суы әдеттегі қалпынан тыс көтерілген жағдайда, қауіп болуы мүмкін. Алайда бәрі де ауа райына байланысты, - дейді департаменттің төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бас маманы Нұралы Мусиев.

«Апат айтып келмейді» деп білетін халқымыз «сақтықта қорлық жоқ» дейді. Төтеншеліктер сол үшін де Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінің жайылмасында орналасқан бағбан және бақша серіктестіктерінің тұрғындары қауіпсіздік шараларын ұмытпаса екен дейді. Олардың айтуынша, облыстағы шығарылған қардың көлемі 250 мың текше метрді құрайды. Өзендердегі мұздың кептелісіне жол бермеу мақсатында 112760 шаршы метр аумақта 5145 шұңқыр жасалған. Жалпы, облыс бойынша бұл бағытта кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ясипа РАБАЕВА

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале