26.07.2019, 14:24
Оқылды: 76

Оралда тұңғыш рет жекпе-жек айтыс өтті

Кеше Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер өнер орталығының ұйымдастыруымен облыста тұңғыш рет жекпе-жек айтысы өтті.  Бұл күні Қадырсарайдың  амфитеатрына айтыссүйер көрермен көп жиналды.  ҚР еңбек сіңірген қайраткері, М. Мақатаев атындағы сыйлықтың екі дүркін лауреаты, ақын Жүрсін Ерман аламан айтыстың құрметті қонағы болды.

aitys (14)

Жыр додасы қызылордалық суырыпсалма ақын, екі дүркін «Алтын домбыра» байқауының жеңімпазы атанған Мұхтар Ниязов пен әрі жазба, әрі айтыс ақыны Талғат Мықидың қағытпа қалжыңдарымен басталды.  От ауызды, орақ тілді ақын Мұхтар Ниязов әп-дегеннен-ақ қарсыласының қарымын қайтарып тастамай, шашбауын көтеріп, қолдап отырды.

aitys (16)

Елдегі әлеуметтік мәселелер, поезд билетін таппай, сандалған жұрттың жанайқайы бірінші жұп айтысының негізгі өзегіне айналды. Дегенмен, бірінші жұпта орамды ойларымен, ұтқыр әзілдерімен Мұхтар Ниязовтың бәсі басым болған сыңайлы.

aitys (13)

Уытты әзілімен көрерменді әп-сәтте өзіне баурап алған атыраулық ақын Шалқарбай Ізбасаров пен қатты айтпай-ақ, қағытпа қалжыңымен қарсыласын бірден уысына түсіріп алған Жансая Мусинаның жекпе-жегі көрерменді қиқулатқан шынайы айтыс болды. Шалқарбай мен Жансаяның айтысында да елдегі маңызды мәселелер айтылды. Атырауда болған оқиғада ұлт намысын қорғаған азаматтар, Ордаға барар жолдың қиындығы өзге де мәселелер ақындар назарынан тыс қалмады. Жазғы демалыста жұлдыздардың шетелдерде демалатынын тілге тиек еткен Шалқарбай «алтын домбырасы бар ақын» атанған қыздың қай жақта демалғанын қыжырта сұрады.

aitys (3)

–Барып  қайтқан шығарсың Дубай жаққа,

Сол жақтың кереметі ойға оралып.

Әлде барып жаттың ба Анталияға,

Арқаңды массажбенен майлап алып.

Теңізіне түстің бе рахаттанып,

Қажетті саймандарды сайлап алып.

Сақтанып суға батып кетпейін деп,

Беліңе баклажка байлап алып.

Ал енді қызықтырып айтып берші,

Биыл жазда демалдың қайда барып?-деген Шалқарбайға  Жансая былай жауап берді:

aitys (12)

– Саласың шабыттансаң сарыныңа,

Тағы да төтеп берем арыныңа

Жаз бойы Оралымнан шыққан жоқпын,

Қашан да сиямын ғой қалыбыма.

Өнердің арқасында ел-жер көрдім,

Мың рахмет Құдайдың дарынына.

Мен өзім құмда туға құмшыл едім,

Байланған туған жердің тамырына

Он жылдық энергия жинап келем,

Он күнге барып келсем Нарыныма.

Ұрымтал тұста сөз тауып, сырғып шыға білген ақын қыздарына риза болған жұртшылық  ұзақ қол соқты.

aitys (1)

Жекпе-жек айтыстың ерекшелігі – жүлде болған жоқ. Әдетегідей уақыт шектемегендіктен, ақындар арындары басылғанша ойларын ірікпей айтуға тырысты. Екі сағаттан астам уақыт болған айтысты жиылған жұртшылық қатары сиреместен, сілтідей тынып тыңдады. Айтыс көрермендерінің ішінде жастардың көп болуы да көңілге қуаныш ұялатты. Жекпе-жек айтыс соңында сахнаға көтерілген айтыс жанашыры, ақын Жүрсін Ерман биылғы «Алтын домбыра» айтысы Орал қаласында өтетінін айтты.

aitys (11)

«Менің көптен іздеп жүргенім осындай жекпе-жек айтыс еді. Біз айтысты телевизияға лайықтап, уақытын шектеп, біраз бұзып алдық. Бұл жолы қазылар алқасы да болған жоқ. Ақындардың ешкім аузынан қаққан жоқ. Олар да елдің аузында жүрген көкейкесті жайларды айта алатынын тағы бір дәлелдеді. Осы сапарымыз барысында облыс әкімі Ғали Есқалиевтің қабылдауында болып, сегізінші «Алтын домбыра» айтысын Оралда өткізу туралы ұсынысымызды білдірдік. Өңір басшысы мұны қолдады. Енді жыл соңында еліміздің ең мықты ақындары Ақ Жайықта бас қосатын болады», - деді Жүрсін Ерман.

aitys (4)

Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев жекпе-жек айтысын ұйымдастырып, көрерменнің көңілін серпілтер рухани кеш сыйлаған Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының басшысы Бауыржан Халиолла мен оның ұжымына шынайы ризашылығын білдірді.

aitys (5)

aitys (8)

aitys (6)

aitys (15)

aitys (10)

aitys (2)

aitys (7)

aitys (9)

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале