Оралда 2023-2024 оқу жылын қорытындылаған «Тиімді басқару – жетістік бағдары» тақырыбындағы білім беру ұйымдары басшыларының жиыны өтті.
Жиында білім сапасының көрсеткіші айтылып, оқу жылындағы жетістіктер бойынша үздік білім ұйымдар марапатталды.
Қалада «Жайлы мектеп» жобасы аясында тоғыз мектеп салу жоспарланса, бүгінде үш мектептің құрылысы басталған. Жобаға сәйкес құрылыс жылдың IV тоқсанында аяқталады деп күтіліп отыр. Бұл туралы шарада қала әкімінің орынбасары Арсен Ғұбашев айтты.
– Жаңа мектептер Деркөл кенті, Зашаған кенті аумақтарында бой көтеріп жатыр. Осы үш нысанның тапсырылуы үш мектептегі үш ауысымның жойылуына мүмкіндік береді. Ал №9, №17 мектеп пен Д.Нұрпейісова атындағы музыкалық мектептерге күрделі жөндеу жүргізу үшін мердігерлермен келісімшарт жасалды. Жақын күндері жұмыс та басталады. Күрделі жөндеу жоба бойынша алты айға есептелген. Сондықтан келер оқу жылында оқушылардың уақытша басқа ғимаратқа орналасуын реттеу қажет, - деді Арсен Зиннатұлы.
Шарада су тасқыны уақытында халықтың қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек еткен ұстаздар, үздік көрсеткішке жеткен мектеп директорлары марапатталды.
Еліміздің 100 үздік олимпиадалық мектептер рейтингіне енген Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясыны директоры Елжас Қадыров пен №35 мектеп-лицейдің директоры Қатима Мергеневаға алғысхат табыс етілді.
Батыс Қазақстан облысында білім беру саласын дамытуға үлес қосып, қоғамдық жұмысқа белсенді араласып, іс-тәжірибе бөлісудегі еңбектері үшін бір топ мектептің директоры марапатталды.
Жалпы орта мектептер арасындағы рейтинг нәтижесі бойынша I орын иеленгені үшін Қадыр Мырзалиев атындағы №47 мектебі марапатталып, диплом және кәсіподақ комитетінің атынан 150 мың теңге сыйлық сертификаты берілді.
Ал инновациялық мектептер арасындағы рейтинг нәтижесінде №42 «Ақ ниет» гимназиясы I орынға ие болды.
Динара Тілекқызы,
Фотоға түсірген: Мади Салық
zhaikpress.kz