18.03.2020, 10:09
Оқылды: 96

Оралда ХҚКО ғимараттары әр үш сағат дезинфекциялануда

Орал қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының ғимараттары әр үш сағат сайын 20 минут бойы дезинфекцияланады.

XKKO

Штаттық тәртіпте жұмыс істеп жатқан орталықтардағы бұл шара әлемді шарлаған коронавирус инфекциясы таралуының алдын алуға бағытталып отыр.

–  Бұл мекеме күніне 800-дей  адам жиналатын қоғамдық орын болып табылады. Алайда елдегі қазіргі жағдайға байланысты көпшілік жерлерде адам саны 50-ден аспау керек. Сол үшін осы шара қолға алынды. Қазақстан аумағында коронавирустың таралуына және төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты және азаматтардың қауіпсіздігі үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қаладағы 20 мектепте өзіне-өзі қызмет көрсететін бұрыштар ашылды. Ол жерлерден бір реттік парольді немесе ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) пайдалана отырып, электрондық қызметтерді, анықтамаларды және мемлекеттік қызметтерді алуға болады. «Электронды үкімет» порталына кіру үшін ЭЦҚ қажет емес, бір реттік парольді пайдалануға болады. Адамдардың жаппай жиналуына жол бермеу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша жақын жердегі мектепке барғандары жөн, – деді өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Азаматтарға арналған үкімет» МК ҰАҚ филиалының директоры Марат Бассаров.

Сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді eGov mobile қосымшасы арқылы да алуға болады. Филиал директоры шекараның жабылғанын пайдаланып, жаппай төлқұжат жасатудың қажеті жоқ екенін де айтты. Өйткені бұл ХҚКО-да адамның көп жиналуына себеп болады. Орал қаласы полиция басқармасы көші-қон қызметінің бастығы, полиция полковнигі Қанат Мұқановтың сөзінше, халыққа қызмет көрсету орталықтарында төлқұжат алу үшін күніне 100-200 шамасында өтініш түсуде.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале