Былтыр наурыздың 9-ы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев
Орал қаласында көпфункционалды заманауи спорт кешенін салуды тапсырды.
Президент спорт кешенін тұрғызу ісін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына жүктеді. Былтыр тамыз айында іргетасы қалана бастаған кешен құрылысын «BI group» холдингі жүргізді.
Жаңа жыл қарсаңында өңір халқы асыға күткен спорт кешені ел игілігіне берілді. Облыста бұрын соңды болмаған ерекше спорт ғимаратының ашылу салатнатына ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, облыс әкімі Нариман Төреғалиев, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, «BI group» холдингінің бас директоры Асхат Омаров, жергілікті спортшылар мен сала ардагерлері, жастар қатысты.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында бой көтерген үлкен спорт ғимаратының аяқталуы тек батыс өңірінің ғана емес, барша қазақ елінің спорты тарихында ерекше оқиға. Бұндай кешен балалар спортының, бұқаралық спорттың дамуына үлесін қосары сөзсіз. Батыс Қазақстан облысында ұлттық спорт, садақ ату, ескек есу секілді спорт түрлері жақсы дамып келеді. Жаңа кешен өңірде кенже қалған спорт түрлерінің дамуына тың серпін беріп, осы жерде жаттыққан балғындар болашақта Азия, әлем чемпионаттары мен олимпиада ойындары секілді ірі халықаралық додаларда еліміздің көк туын биіктен желбіретеді деген сенімдемін. Барша спортшылар мен жанкүйерлерді қуанышқа бөлеп, елде ерекше кешен салуға атсалысқан барша құрылысышалар мен кешеннің бой көтеруіне тікелей атсалысқан компанияларға алғысымыз шексіз, - деді Ербол Мырзабосынов.
Одан соң өңір басшысы сөз алып, кешенде өңір жастары бос уақытын білім мен спортқа арнайтынына сенім білдірді. Өйткені халықаралық талаптарға сай тұрғызылған спорт ғимаратында алаңсыз жаттығу өткізу үшін барлық жағдай қарастырлған.
– Спорт нысанының құрылысын жүргізуге және қаржылай қолдау білдірген «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына, оның басшысы Асхат Ғалымұлына және осы құрылысты жүргізуге қол ұшын созған «Bi group» компаниясының басшысы Айдын Жұмаділұлына тұрғындардың атынан шынайы алғысымды білдіремін. Бүгінгі ғимарат – Президент тапсырмасын іске асыру мақсатында жасалған жұмыстың бір үлкен бөлігі. Осы кезге дейін облысқа қарасты барлық аудан орталықтарына спорт кешендерін тұрғыздық. Болашақта ірі ауылдарды модульді спорт кешенімен қамтамасыз ететін боламыз, - деді Нариман Төреғалиев.
Кейін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов «BI group» холдингінің бас директоры Асхат Омаров жиналған елді спорт нысанының ашылуымен құттықтады.
Оралда бұрын-соңды болмаған ғимарат 20 шаршы метр аумақты алып жатыр. Ол жерде волейбол, баскетбол, футзал қол добы, бокс, грек-рим және еркін күрес, дзюдо, садақ ату, үстел теннисі, жүзу, шыңға өрмелеу сынды спорт түрлерімен шұғылдану үшін барлық жағдай жасалған.
Шыны керек спорт кешенінің ашылуын өңір халқы асыға күтті. Үлкен аумақты алып жатқан ғимарат расымен ерекше. Кей құрылыс материалдары шетелден алынған. Негізгі аренада 1 200 орынға арналған көрермен залы, жүгіру жолағы, жеңіл атлетиканың ұзындыққа секіру, биіктікке секіру сияқты түрлері мен батуттық гимнастикағамен айналысуға мүмкіндік беретін арнайы орын бар.
Сондай-ақ футзал, волейбол, баскетбол сияқты спорт түрлерін өткізетін паркет те негізгі аренада орналасқан. Ал аренаның су спорты түрлеріне арналған бөлігінде балалар бассейні мен ересектерге арналған 25 метрлік 6 жолақты бассейні бар.
Бұл жердің тағы бір ерекшелігі сол: бассейн айналысындағы еден арнайы аяқ таймайтын материалдан төселген. Спортшылардың шешінетін орындары кең, жарық әрі барлық қажетті жабдықтармен қамтылған. Бокс пен күрес түрлерінің залдары тамаша.
Соңғы үлгідегі жаттығу залында да қажеттінің барлығы бар. Садақ ату және үстел теннисіне арналған аймақта да алаңсыз жаттығу жасауға барлық мүмкіндік бар. Ал ғимарат кіре берісіндегі өрге шығуға арналған аймақ өзінің ерекше дизайнымен елітеді.
Жалпы жаңа спорт кешені облыс спортының дамуына ерекше серпін берері сөзсіз.
Түгелбай Бисен
zhaikpress.kz