68 жастағы пациентке бір жыл бұрын коксартроз диагнозы қойылып, жамбас буынына эндопротездеу отасы жасалған болатын. Алайда жуырда науқас үйінде оқыстан құлап, бұрын орнатылған жамбас протезінің маңындағы сүйек сынған.

Дәрігерлер тексеру жүргізіп, науқасқа жамбас буынын қайта эндопротездеу отасын жасау туралы шешім қабылдады. Ота кезінде бұрынғы эндопротез ашылып, протез маңындағы аймаққа бекіткіш пластина орнатылды. Операция сәтті өтті, науқастың жағдайы тұрақты.
Травматология және ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Данияр Жанатұлының айтуынша, науқас міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылғандықтан, операция тегін жасалған.
«Егер пациент сақтандырылмаған болса, мұндай күрделі ем-шараның құны өте жоғары болар еді. МӘМС жүйесі азаматтарға осындай жоғары технологиялық медициналық көмекті тегін алуға мүмкіндік береді», – дейді Данияр Жанатұлы.
Дәрігердің айтуынша, жыл сайын Орал қалалық көпбейінді ауруханасының травматология және ортопедия бөлімшесінде МӘМС аясында жоспарлы түрде 200-ге жуық, ал шұғыл түрде 1000-нан астам операция жасалады.
Сымбат Қыпшақбай,
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ
Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының бас сарапшысы