3.11.2021, 10:48
Оқылды: 267

Оралда жаңа кітаптың тұсауы кесілді

Оралдағы Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында актер, режиссер, ҚР Президенті «Құрмет» грамотасының, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Самал Абуовтың жаңа кітабының тұсауы кесілді.

WhatsApp Image 2021-11-02 at 22.05.36

Театр өнеріне талмай қалам тербеп жүрген автордың "Театр. Тарих. Тағылым" атты жинағы 2018 жылы жарық көрген болатын. Осы жолы ол оқырман қауымға «Алтын керегелі, айна терезелі театр» атты естелік еңбектері, режиссер мен актерлар шығармашылығы, сонымен қатар сұхбаттар, мақалалар, аудармалар жинағын ұсынып отыр.

WhatsApp Image 2021-11-02 at 22.05.37

Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, сонымен бірге алда келе жатқан театрдың 30-шы маусымына орай облыстық мәдениет басқармасының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған кітаптың тұсаукесеріне елімізге еңбегі сіңген, белгілі қоғам қайраткері, «Шапағат» медалінің иегері, театрға ұзақ жылдар басшылық еткен ардагер Құжырғали Төлеуішев, ҚР еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері, режиссер Мұрат Ахманов әлі сиясы кеуіп үлгермеген кітаптың тұсауын кесті. Сонымен қатар Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Нұржан Тасболатов құттықтау сөз сөйлеп, оқырманға жол тартқан туындының ғұмырлы болуын тіледі.

Тұсаукесерге жиналған Жайықтың жақсылары мен жайсаңдары, зиялы қауым өкілдері, авторға тілеулес жандар Ш.Құсайыновтың «Томирис» трагедиясын тамашалап, тарқасты.

Айнагүл Серікқызы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале