Бүгін «Батыр қыздар» алаңында көшеттер жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тұрғындарға жас көшеттер көтерме бағамен ұсынылуда.
Жәрмеңкеде қаладағы 7 жеке кәсіпкерлік ағаштар мен жас көшеттердің бірнеше түрін сатуға шығарды. Олар тұрғындарға жергілікті табиғат жағдайына бейімделген ағаш көшеттерімен қатар жеміс ағаштарын, бақша, үй гүлдерінің де түрлерін ұсынды.
Алма ағашының 12 түрі шамамен 1500-2000, өрік - 1200-1500, шие - 1800-2500, қарақат - 1500-2000, таңқурай - 500-800 теңгеден сатылуда. Сүмбіл терек - 900, қарағай – 2500, арша – 2000, терек – 700-1000 теңгеден саудаға шығарылды.
Көшеттер жәрмеңкесіне «Жайна» жеке кәсіпкерлігі алғаш рет қатысып отыр екен. Олар аталмыш жәрмеңкенің өнімдерін сатуға үлкен көмегі тиіп жатқанын айтады.
– Жәрмеңкеге жеміс ағаштарын, гүлдердің бірнеше түрлерін әкелдік. Оның ішінде 400 алма, алмұрт ағашын, қарақаттың - 40, бағаналы алма ағашынан - 30 түп, сонымен қатар шие, өрік, таңқурай, шабдалы сияқты да жемістердің көшеттерін әкеліп сатудамыз. Жалпы отбасымызбен осы кәсіппен айналысқанымызға 10 жылдан аса уақыт өтті. Жәрмеңкеге алғаш рет қатысып отырмыз. Алдағы уақытта ұйымдастырылса міндетті түрде қатысамыз, - деді Жайнагүл Махражанова.
Қазіргі уақытта жәрмеңке әлі жалғасуда. Көшет алуға келген тұрғындар қарасы да көп.
Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі