ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында Оралда Кеңес одағының батыры И.И.Коняхинді еске алуға арналған жас мергендер сайысы өтті.
Сайысқа Орал қаласындағы арнаулы оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары пневматикалық қарумен нысананы көздеп атудан сынға түсті. Спорттық жарыстың ашылуында ҚР Қарулы күштерінің ардагері, доғарыстағы полковник Николай Дегтярев, БҚО «Ауғанстан ардагерлерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Олег Пимонов, «Жауынгерлік бауырластығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейірлан Нұрқанов қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сайысты Орал қаласының білім беру бөлімі қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімімен және қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасымен бірлесе отырып ұйымдастырды.
– Кеңес одағының батыры, аға лейтенант Иван Коняхин Батыс, Брянск, 1-Белорус майдандарында ұрысқа қатысты. Соғыстан кейін 1962-77 жылдары Орал облысының әскери комиссары қызметін атқарды. Орал қаласында батыр атында көше бар. Ерлік тағылымын ұмытпай егемен еліміздің жастарын қайсар етіп тәрбиелеу, әскери спортқа бейімдеу мақсатында облыстық жарыс дәстүрлі ұйымдастырылады, – деді «Жауынгерлік бауырластығы» РҚБ-ның төрағасы Мейірлан Нұрқанов.
Пневматикалық қарудан ату жарысына 20-дан астам кәсіби-техникалық ұйым мен 50 мектептің командасы қатысты. Сайыс ережесіне сәйкес әр қатысушыға сегіз оқ атуға рұқсат берілді. Алғашқы үш оқ сынама ретінде есепке алынды. Нысана қашықтығы бес метрге белгіленді.
Жалпыкомандалық есеп екі бағыт бойынша есептелді. Мергендік сайысынан жоғары аграрлық техникалық колледжінің командасы ұтты. Мектеп мергендері арасында №43-ші мектептің оқушылары озық шықты. Жекелей сайыста жоғары аграрлық техникалық колледжі мен Орал ақпараттық технологиялар колледжінің студенттері Әмина Каржавина мен Кәмшат Әлібек бірінші және екінші орынды иеленді. Жоғары аграрлық техникалық колледжінің студенті Әсем Төлегенова мен №8 облыстық орта мектептің оқушысы Нұрлыбек Айсұлтан үшінші жүлдеге қол жеткізді.
– Шәкірттеріміз халықаралық, республикалық деңгейде әскери-спорттық сайыстардан жүлделі орын алып жүр. «Айбын» әскер-патриоттық жиыны ауқымында әскери-қолданбалы спорт түрлерінен біздің колледждің командасы екінші орын алды. Ұстаз шәкіртке үлгі болуы тиіс. Өзім биыл Ақтөбе облысында Кеңес одағының батыры Ә.Молдағұлованың жүлдесіне арналған пневматикалық қарудан ату спортынан үшінші орын алдым, – деді Орал қалалық жоғары аграрлық колледжінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Манарбек Әмірғалиев.
Нұртай ТЕКЕБАЙ
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер