Оралда 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай «Жас сарбаздар» патриоттық акциясы басталды. Оған қала мектептерінен 700-ге жуық оқушы қатысып жатыр.
Бұл туралы акцияға қатысқан қала әкімі Миржан Сатқанов мәлімдеді.
- Баршаңызды еліміздің айбынды мерекесі – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күні біз қарулы күштер қатарында қызмет еткендер мен сапта жүргендерге құрмет көрсетеміз. Мемлекеттің, қоғамның және әрбір қазақстандықтың қауіпсіздігін қорғаушылар да сондай ілтипатқа ие. Бүгінгі ұрпақ сондай жандардың қайсарлығынан үлгі алып, бой түзейді.
Бүгін қалада маңызды шара ұйымдастырылып отыр. Біз мектеп жасынан бастап өскелең ұрпақты Отанды қорғауға үйретуіміз керек. Шараның мақсаты – жастарды қарулы күштер қатарында борыштарын өтеуге және отансүйгіштікке тәрбиелеу. Патриоттық акцияға қала мектептерінен 700-ге жуық оқушы қатысып отыр. Бүгінгі таңда шаһарымыздағы 50 мектепте патриоттық клуб жұмыс жасайды. Үш мектепте «Жас сарбаз» сыныбы ашылды. Бұл сыныптарда оқушылар білім алумен қатар, әскери өнердің алғашқы әліппесін қоса меңгереді. Алдағы уақытта осындай тағы бес «Жас сарбаз» сыныбын ашу көзделген. Қазіргі уақытта қалада оқу-далалық жиыны өтіп, оған 1200 оқушы қатысып жатыр, - деді Миржан Мұнайдарұлы.
Шарада Қазақстан Республикасы Қарулы күштері мен әскери құрылымдарының киім үлгілерінің көрсетілімі де өтті.
Ал БҚО полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағы жұмыс барысында қолданатын әдістерін көрсетті.
Акцияда мектеп оқушылары салтанатты шеруге шықты. Олардың арасында облыстық, қалалық, республикалық әскери-патриоттық сайыстардың жүлдегерлері бар.
Динара Насыр,
Фотоға түсірген автор
zhaikpress.kz