26.09.2017, 18:26
Оқылды: 49

Оралда жол жөндеу жұмыстары қашан аяқталады?

21686397_1899846923601337_6059665816412931323_nОрал қаласында көшелер жөндеуге байланысты жабылғандықтан, қоғамдық көліктердің жүру бағыты өзгеріп, таңертең және кешке ұзын-сонар көлік кептелістері көбейді. Оның зардабын әсіресе, жұмысқа кешіккен тұрғындар мен сабағынан қалған оқушылар тартуда.


Қалаішілік жолдарды күрделі және орта жөндеу жұмыстары қашан аяқталады? Жәңгір хан көшесі қашан қайта пайдалануға беріледі? Қоғамдық көлік қозғалысы қашан қалпына келеді? Оқырмандар тарапынан қойылған осы сауалдардың жауабын Орал қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Мұхамбетқалиевтен біліп қайттық.

- Магистралды жолдар, қоғамдық көлік көп қатынайтын жолдар және әлеуметтік нысандар шоғырланған  жолдар басты назарда. Жәңгір хан көшесіндегі орташа жөндеу жұмыстары алғашында кезең-кезеңімен іске асты. Яғни көлік қозғалысына үлкен кедергі келтірмес үшін жолдың бір бағытын ғана жауып отырдық. Кептеліс кесірінен қоғамдық көлік қозғалысына қатысты мәселелер туындағаны белгілі. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарына байланысты 8-інші шақырымнан Әзірбайжан көшесіне дейінгі және Шаған жағалауы көшесінен Жәңгір хан көшесіне дейінгі жолдар толық жабылды. Мердігерлер қолайлы ауа-райын ұтымды пайдаланып, күндіз-түні жұмыс істеуде. Құрылыс материалдары да, қажетті техника да, жұмыс күші де жеткілікті. Жауын-шашын тосқауыл болмаса, жөндеу жұмыстары 28 қыркүйекте толық аяқталуы тиіс, - дейді Қайрат Қуанышқалиұлы.

21558562_1899846836934679_2619780088830844444_nЖәңгір хан-Шаған жағалауы және Жәңгір хан-Пугачев көшелерінің қиылысында көлік қозғалысын реттейтін бағдаршам орнату қажет екендігі туралы көптен айтылып жүр. Таяу күндері бұл мәселе оң шешімін таппақ. Жоба аясында орнатылатын қос бағдаршамның біреуі осы қиылыста сап түзесе, екіншісі Жәңгір хан және Әзірбайжан көшелерінің қиылысқан тұсына қойылмақ.

Қайрат Қуанышқалиұлының айтуынша, осы аптада Гагарин көшесін күрделі жөндеу жұмыстары басталады. С.Датұлы көшесінен 2 база аялдамасына дейінгі жол уақытша жабылатындықтан, көлік қозғалысына шектеу қойылады.

-Қала тұрғындарын түсіністік танытып, сабыр сақтауға шақырамын. Бұл тек бүгініміз үшін ғана емес, болашақ үшін де пайдалы іс. Көлік кептелісі туындауда, қоғамдық көліктердің қызметіне өзгерістер енуде. Бірақ, мұның бәрі уақытша қиындықтар, - дейді Қ. Мұхамбетқалиев.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале