Оралда «Жайық Пресс» медиахолдингінің ұйымдастыруымен «Жазу өнері. Журналист және жасанды интеллект» медиафестивалі басталды. Шара екі күнге жалғасады.
Алғашқы күні журналист, жазушы-публицист Қайнар Олжай «Жазу және редакциялау технологиясы» тақырыбында дәріс өткізіп жатыр.
– Оқудан қалмау керек. Өз-өзіңізбен бір әлемде жүре берсеңіз сол әлемде қалып қоясыз. Журналист үнемі дамып отыруы қажет. Ахметтің «Әдебиет танытқышы», Ісмет Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі», Зейнолланың «Сөз өнері», Мағауиннің «Мен» кітабы, Темірғали Нұртазиннің «Сөз құдыреті», Майкл Райан мен Джули Ривкиннің «Әдебиет теориясы» міндетті түрде журналистің қолында және редакцияның қорында болуы шарт.
Біз тарихты білмейінше журналист бола алмаймыз. Өйткені екі күннің бірінде біз тарихқа келіп тірелеміз. Екі күннің бірінде тарихқа қатысты дүниені жазу керек болады. Мысалы, Жұбан Молдағалиев туралы жазсаңыз, Ұлы Отан соғысының тарихын білуің керек, - деді семинар барысында Қайнар Олжай.
Айта кетейік, дәріске «Жайық Пресс» медиахолдингі журналистері мен жергілікті БАҚ өкілдері қатысып отыр.
Ертең фактчекер, журналист Жансерік Тілеухан «Жасанды интеллект және оның мүмкіндіктері» тақырыбында дәріс өткізеді.
zhaikpress.kz