13.07.2017, 10:40
Оқылды: 64

Оралда «Жыр дүлдүлі - Марабай» байқауының жеңімпаздары анықталды

Marabai jyrau   Оралда Марабай Құлжабайұлы атындағы «Жыр дүлдүлі - Марабай» республикалық жыршылар байқауы мәреге жетіп, жеңімпаз-жүлдегерлер марапатталды.

     БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған байқауға Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен Орал қаласынан және Ақжайық, Бөрлі аудандарынан барлығы 10 үміткер қатысып, бақ сынады. Батыс Қазақстанда өмір сүріп, жыраулық өнерімен дараланған Марабай Құлжабайұлының есімін мәңгі есте сақтау, еліміздің батыс өңірінде кенжелеп қалған жыраулар мектебін дамыту мақсатында өткен сайысқа қатысушылар «Қобыланды батыр» және басқа жырларды орындады.

      Екі күнге созылған байқау қорытындысында белгілі әнші-термеші,  ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев бастаған қазылар алқасының шешімімен маңғыстаулық Бердібай Тойғұлиев бас жүлдеге ие болды. Қызылордалық Әділхан Қуанбаев бірінші, ақтөбелік Өмірхан Жетесов пен оралдық Сәкен Жанғазиев екінші, тағы бір маңғыстаулық Аманбек Сәуірбаев, оралдықтар Ақмарал Кемелханова мен Гауһар Ұзақбай үшінші орынға көтерілді.

     Ал Бөрлі ауданынан келген Қамбар Жылқыбаев, ақжайықтық Ардақ Омар, атыраулық Болатбек Құбашев дипломант атанды. Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында танымал өнер шеберлері мен байқау жеңімпаз-жүлдегерлерінің қатысуымен гала-концерт болды.

     Айта кетейік, Марабай Құлжабайұлы атындағы байқау 2007 жылы алғаш рет ұйымдастырылған болатын. Биыл қайта жалғасын тауып отыр.

Елжан Ералы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале