Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты барлық әскери бөлімде жазғы жаңа оқу кезеңі басталды. Аталмыш датаға орай әскери бөлімдерде жауынгерлік дайындықтың маңызды кезеңін сипаттайтын салтанатты митингілер мен саптық жиындар өткізілді.
Құқықтық тәртіп әскерінде осы сынды оқу кезеңдері жылына екі рет өткізіледі.
Сабақтың басты мақсаты қызмет кезінде қауіпсіздік ережелерін білу.
Шара барысында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев сарбаздарды айтулы күнмен құттықтады.
«Бүгін құқықтық тәртіп әскерінде дәстүрлі түрде жаңа жазғы оқу кезеңі басталып жатыр. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның бас қолбасшысы Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің алдына бірқатар міндет қойды. Оның ішінде әкерилердің жауынгерлік әзірлігін жоғары деңгейде ұстау, олардың жауынгерлік қабілетттілігін арттыру, жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйін нығайту және тағы басқасы. Бүгінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері жаңа оқу кезеңіне белсене кірісіп, жауынгерлік дағды мен әскери тәртіпті жоғары деңгейге көтеретіндіктеріне сенімдімін», - деп әскери қызметшілерге үлкен сенімін білдірді.
Құттықтау сөзден кейін әскери қызметшілермен мемлекеттік-құқықтық дайындық және күнделікті қызметтік-жауынгерлік қызметте сақталуы тиіс қауіпсіздік ережелері аясында сабақтар ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, әскери қызметшілер қару-жарақпен, оқ-дәрімен және арнайы құралдармен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін қайталады.
Ертуған Әубакір,
капитан