Бүгін БҚО әкімі Ғали Есқалиев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз конференциясында Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берген болатын. Сондай-ақ Ғали Нәжімеденұлы БАҚ өкілдерінің түрлі сауалдарына жауап берді.
Stan.kz ақпараттық агенттігі мынадай сұрақ жолдады: Ақтөбе әуежайына Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың есімі ресми түрде берілсе, Атырау әуежайына Қазақстанның халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімі берілді. БҚО әуежайына Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың есімін беру мүмкіндігі қарастырылған ба?
- Тұрғындардан осындай ұсыныс түсіп жатыр. Мен қолдаймын. Өйткені Мәншүк - тек батыстың мақтанышы емес, ол елдің мақтанышы. Біздің елді мекендерде Мәншүк атында көшелер, мектептер бар. Оны сол жергілікті тұрғындар көреді. Ал облыс орталығындағы әуежайда Мәншүктің есімі жазылып тұрса, жастарға, келген қонақтарға батырдың ерлігі туралы үнемі айтылар еді. Жастардың рухын көтеретін, тәрбиелік мәні зор қадам болар еді. Алдымен әуежайдың құрылысын бітіріп алайық, сосын ресми шешім қабылдаймыз, - деп жауап берді Ғ.Есқалиев.
zhaikpress.kz