26.11.2024, 10:00
Оқылды: 15

Оралдағы колледждің түлектеріне сұраныс күшейген

Орал қаласындағы «Сервис және жаңа технологиялар колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны былтыр 50 жылдығына орай түрлі іс-шара, ғылыми-практикалық конференция өткізді. Облыс деңгейінде тамақтандыруды ұйымдастыру  мамандықтары бойынша өндірістік оқыту шеберлері арасында байқау өткізілді. Енді осы шараларды қорытындылап, түйіндейін дегенде, көктемгі тасқын килігіп, соңы төтенше жағдайға ұласты. Колледж жатақханасы эвакуациялық бекетке айналды. Облыстық әдістемелік кабинет жанынан оқытушылардың, студенттердің ғылыми-практикалық конференцияда оқылған баяндамалары  кітапша болып шықты. Бұрын бұл оқу орны №6 кәсіптік-техникалық училище, №23 лицей болды. Бүгінде мұнда тамақтандыруды ұйымдастыру, модельер-киім пішуші, тігінші, арнайы тігінші, туризм нұсқаушысы, супервайзер, сатушы сынды жұмысшы мамандарын даярлайды.

f894a59b-f10e-41fd-a81a-8eacc1bbcda1

Мамандарға сұраныс күшейді

–  Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялайты-нын мәлімдеді. «Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсі­мін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам»,  – деп кәсіптік білім беру саласына реформа жасаудың маңыздылығына тоқталып өтті. Цифрлық технологиялар  дамып жатса да, кәсіби мамандарға сұраныс азаймақ емес. Жаңадан ашылып жатқан мейрамхана, дәмханалардан біздің түлектерімізге «құда түсіп» келеді. Кәсібін ашқан, Алматы, Астанада және басқа мегаполистерде жұмыс істеп жүрген түлек-теріміз баршылық. Заман талабына сай студенттерімізді бизнес-жоспар, жоба құруға үйретеміз. Осы шаруаны әрі қарай тереңдете қолға алмақпыз. «Worldskills» деген жұмысшы мамандықтарын дәріптейтін конкурсқа  колледжіміз өңірімізден бірінші болып қатысты. Республикалық конкурста екі мәрте наубайшы арасынан үздік шығып, алтын жүлдесін алды. Облыстық жарыстарда да топ жарып жүрген жайымыз бар. Өндіріс шеберлеріміздің білім-біліктері өте жоғары, – деді аталмыш колледж директоры Алмагүл Қыдырғожина.

Аталмыш оқу орнына балалар 9, 11-сыныптардан кейін қабылданады. Онда мемлекеттік, ресми тілдерде оқытады. Соңғы кездері жұмысшы мамандықтарына оқытуға грант көбірек бөліне бастады. Биыл колледжге 1-курсқа қабылданған 183 студенттің баршасы – грант иегерлері. Заман ағымына сай мамандығын өзгертемін, оқимын деп келген 8 адам ақылы оқып жүр. Жалпы 479 студент әртүрлі мамандықтың қыр-сырын оқып меңгеруде. Олардың 30 пайызы – ауыл-аудандардан. Студенттерге бір мезгіл ыстық тамақ, жатақханадан орын тегін беріледі.  Колледждің 100 орындық жатақханасы қалалық әкімдіктің қолдауымен ағымдағы жөндеуден өтуде. Бүгінде 37 бала жатақханада тұрады.  Ондағы әр бөлме жайлы пәтер іспеттес, тірлік етуге (санитарлық торап, душ, тоңазытқыш, бірінші қабатта асүйі бар) барлық жағдай жасалған.

Директор пандемиядан кейін мамандарға сұраныс күшейгенін айтады. Бас оқу корпусында (Строитель 21/1 мекенжайындағы) аспаз, кондитер, наубайшы,  Д. Нұрпейісова көшесіндегі №40 мекенжайдағы ғимаратта тігін, аспаз шеберханалары болашақ мамандардың кәсіби біліктіліктерін шыңдайды. Дуальды оқыту жүйесі бойынша қаладағы іргелі өндіріс орындарымен ке­лісімшарттар жасалған. Оқытудың 60 пайызы тәжірибе, 40 пайызы теория негізінде өтеді.  Осы оқу жүйесі негізінде сенімді серіктестер қата-ры қалыптасқан. Олар – «Евенеева», «Куксова Е.М.», «МЕКО дизайн студиясы» ЖК-лары, «Торты от Скит», «Торты от Пивень» кәсіпкерліктері, «Eldivino» ойын-сауық кешені, «Nexxio» пицерия желісі, «Караван Трэйд», «Sauda Market LTD», «Аяз» ЖШС-лары, облыстық   балалар мен жасөспірімдер туриз­мінің  және «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталықтары мен басқа да кәсіпорындар.

Аспаздық та – өнер

Тамақтан­ды­руды ұйым­дастыру мамандығы бойынша өнді­рістік оқыту шебері Бейбітгүл Мұқатова аспаз мамандығына  осы оқу орнында оқыған. Өнді­рісте жұмыс істеп, колледжге  қызметке қабылданғанына 8  жылдан асты. Бұл күндері шә­кірттерінің теория жүзінде алған білімдерін тәжірибеде шыңдайды. Ол – аспаз құзыреттілі­гі бойынша халықаралық, республикалық, өңірлік конкурстардың жеңімпазы. Республикалық байқауларда екі мәрте «Алтын шебер» аталымдарын иеленді. Халықаралық байқауда да 1-орыннан көрініп жүр. «Мен 3-курстың студенттерін кәсіп сырына үңілтемін. Оларға тәжірибе жүзіндегі жұмыстар ұнайды. Былтыр осы кур-стан бір шәкіртім  облыстық байқауда 1-орын алды. Биыл облыстық шемпионатқа қатысады. Аталмыш кәсіп бойынша машықтанып жүрген 23 баланың 17-сі – ұл. Аспаз мамандығы бойынша диплом алады. Әсел Ма-ратова есімді шәкіртім – «Ақсарай» мейрамханасында аспаз, Дамир Жұмағалиев – «Тұран»  мейрамханасында бас аспаз. Айта берсем, ондай шәкірттерімнің қатары қалың», –  деді Бейбітгүл Мұқатова. Шебер­дің сөзіне қарағанда, оқуға келетін ұлдардың көбі аспаздықты меңгеріп, болашақта өздерінің кәсіптерін, мейрамхана, асхана ашуды мұрат етеді. Аспаздыққа  ұлдар, кондитерлікке қыздар оқуға құштар. Шеберханалар электр, индукциялық плиталар­мен, басқа да жабдықтармен қамтылғаны көңіл қуантты.

Данагүл Мусинаның конди­тер мамандығы  бойынша өнді­рістік оқыту ше­бері болып қызмет еткеніне бес жылдай  болған. Бұл мамандыққа қыздардың басым көпшілігі өз алдарына мақсат қойып келеді. Бі­реулері бургер, донер сататын орынды, енді екіншілері тәттілер өндіретін цех ашуды армандайды. Осылайша армандарына жету үшін колледжде оқып, одан кейін жеке кәсіп ашып, жұмыстарын дөңгелетіп отырған түлектер аз емес деседі. Қазір 2-курста 10 қыз бала кәсіпке машықтануда. Оқуға ауылдан келгендері аз емес. Солардың бірі Теректі ауданындағы Ақсоғым ауылының тумасы Айшагүл Синельникова торт жасағанды ұнатады. «Бала кезімнен торттарды жасауға құмармын. Үйде пісіріп те жүрмін. Енді кондитерліктің қыр-сырын үйреніп шығамын деп 9-сыныптан кейін оқуға келдім. Мынау, бүгінгі пісіргенім – тү­ріктің бөлкесі!», – деді жүзі алаулап, күлімдей сөйлеген студент қыз.

Колледжде қызмет еткеніне 31 жыл болған өндірістік оқыту  шебері Лариса Наботова студенттерді аспаздық өнерге баулиды. Оның  өзі де бір кезде­рі аспаздыққа, кейін технолог мамандығына оқыған. «Шаһардың кез келген мейрам­ханасынан  түлектеріміз алдымыздан жайраңдап шығады. Таяу шетелдерде және өңірде кәсіпкерлік ашқандары да баршылық. Заман талабына сай аспаз кәсібі бағалануда. Бұрынғы түлектерімізбен байланыс тығыз, байқауларда әділқазылыққа шақырып отырамыз», – деді оқыту шебері.

Тігіншілік – көнермейтін мамандық

Тігін өн­ді­рі­­сі  және киім­дер­ді үлгілеу ма­мандығы бо­йынша өнді­ріс­тік оқыту шебері Мүнира Иманғалиева оқу орнында тігінші және киімдерді үлгілеу мамандығына 9, 11-сыныптардан ке­йін оқушылар қабылданатынын ай­тады. «Тігіншілікке көбінесе  табиғатынан шығар, қыздар ынтық. Менде 11-сыныптан ке­йін келген 25 қыз бала оқиды. Бірінші курста тек тігіншілікке үйретеміз, машықтануға «Диана», «Алтын алма» тігін фабрикаларына және басқа да тігін цехтарына барады. Арнайы киімдерді тігетіндерден белгілі бір опера­цияны орындауды үйренеді. Мысалға, көйлектің жеңін тігеді. Өндірісте жылдам әрі сапалы тігуге үйренеді. 2-курста киімдерді үлгілеуге, киім пішуге баулимыз. Студенттер өздерінің мата-материалдарын әкеп, өздеріне шақтап тігуді бастайды. Өкініштісі, оқу орнына мата-материал алуға қаржы қарастырылмаған. Со­дан соң ательелерге барып, жеке тапсырыстар бойынша жұмыстанады. Балаларға, ересектерге арналған киімді тігеді, жөндей­ді, қысқартады. Машықтану ба­рысында еңбек­ақы жақсы төленсе, сол жерде жұмысқа қалады. Оқу бітіргеннен кейін тү­лектеріміздің дені өндірістік тәжірибеден өткен орындарына жұмысқа барады. Содан кейін тұрмыс құрады не басқа кәсіпке ауысып кетеді. Тігіншілікті меңгергендердің қиыншылықта абдырап қалмайтынын өліара шақта көргенбіз. Қандай заман болса да, бұл – адам баласына қажет мамандық», – деді Мүнира Батырғалиқызы.

Өңірде 14 туризм орталығы  жұмыс істейді. Аудандағы мектептерде туризм, экология, өлке­тану бағыттары бойынша үйірмелер құрылған. «Өзге өңірлерде тек ірі қалалар ғана туризм орталықтарымен қамтылған. Ал бізде барлық ауданда, Оралдың өзінде қалалық және облыстық туризм орталықтары бар. Сондықтан осы туризм бағытын таңдап, маман боламын дейтін ба­лаларға колледж бітіргеннен ке­йін жұмыс табылады.  Оқу орны ұл-қыздарды 9, 11-сыныптардан кейін туризм менеджері мамандығына (туризм нұсқаушысы, туристік агент, туризм менеджері біліктілігіне) қабылдайды. Аудандардағы түлектеріміз тек туризм саласында ғана емес, білім беру, төтенше жағдайлар салаларында да қызмет етуде. Туризм мамандығына 2-курста 16 студент білім алуда.  Алдағы жаңа оқу жылында 25 баланы осы мамандыққа оқуға қабылдау жоспарланған. Мемлекеттік колледждер арасынан осы оқу орнында ғана туризм маман­дары даяр­ланады», – де­ді туризм ма­мандығы бо­йынша өнді­рістік оқыту шебері Бибина Хатимуллина. Шебер ту­ризм мамандығына оқуға барлық жағдай жасалғанын айтады. Студенттер «ГАЗель» көлігімен экскурсияға, түрлі саяхатқа шығады. Бөкей ордасы ауданына, Жайық қалашығы орнына барды.

Инклюзивті білім береді

Аталмыш оқу орны 2013 жылдан бері инклюзивті білім беруді дамытуға өз үлесін қосуда.

Сәндік қолдан­балы және халықтық кәсіпші­лік өнері мамандығы бойынша өндірістік оқыту шебері Зәмзәгүл Әлде­кешованің тобында ерекше қажеттілігі бар 8 студент білім алуда. Бұл мамандыққа екі жылда бір рет 8 адам қабылданады. Инклюзивті топ болған соң, онда ІІ және ІІІ топтағы мүгедек, сонымен қатар көбісі психикалық-физикалық дамуы тежелген, күрделі диагнозы бар балалар келеді. Олар 1 жыл 10 ай оқиды. «Жаңа білім беру бағдарламасымен оқытамыз. Бұрын куәлік беретін болсақ, қазіргі кезде мамандық туралы дип­лом береміз. Математика, химия, биология және басқа да жалпы білім беру бағдарламасы бойынша пәндер оқытылады. Арнайы пәндер  теория және тәжірибе түрінде болады. Бейнелеу өнеріне, кескіндемеге, компо-зиция негіздеріне үңілдіреміз. Студенттеріміз сурет салады, ұлттық қолөнерді үйренеді. Былғары өңдеу технологияларымен танысып, одан панно жасайды. Кесте, гобелен тоқиды», – деді Зәмзәгүл Нептунқызы әңгімесін әрі қарай сабақтап. Шебер дамуы тежелген түлектердің нарықтық заманда жұмыс табулары қиын екендігін айтты. Ондай ұл-қыздар өздері­нің құрбы-құрдастарымен тең деңгейде білім алып, жұмысшы  кәсібін игергендерімен, олардың жұмысқа қабылдануы қиын. Елімізде креативті индустрияны дамыту қолға алынғаны мәлім. Мемлекет басшысы бұл саланы облыстарда да дамытуға тапсырма берді. Соған байланысты осы салада құрылатын немесе жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпкерліктерде  колледж түлектерін жұмысқа тарту жағы ескерілсе дейміз.

– Колледжде 16 өндірістік оқы­ту шебері жұмыс істейді. Олар республикалық, облыстық түрлі  шеберлік сыныптарына қаты­сады. Тамақтануды ұйымдастыру (аспаз, кондитер-көркем­дегіш, технолог біліктіліктері­не), туризм (туризм нұс­­­қаушысы, турагент, туризм менеджері), тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу (тігін, тігінші, арнайы тігінші-портной, модельер-киім пішуші біліктіліктеріне), нан пісіру, макарон және кондитер өнімдері немесе наубайшы, қонақ үй бизнесі мамандары даярланады. Одан басқа маркетинг (сатушы) мамандығына оқыту екі жылдан бері тоқтап тұр. Даяшы біліктілігіне оқытуға лицензия болғанымен, оған да оқитын адам табылмайды. Өйткені екі-үш айлық не бір апталық ақылы курстарда оқып, даяшы бола салады. Сатушылыққа оқуға келушілер жоқ.  Кәсіпкерлік саласында ондай мамандарға сұраныс болғанымен, қатаң талап қойылмайды, – дейді өз әңгімесінде колледж директорының оқу-өндірістік ісі  жөніндегі орын­басары  Нұргүл Нұрға­лиева. Ол – Самара механика-технологиялық техникумының түлегі, қызметін  өндірістік оқыту шебері болып бастаған. Жалпы еңбек өтілі 20 жылдан асқан. Қазіргі кезде  өзінен жасы кіші әріптестеріне бағыт-бағдар сілтейді. Осы оқу орнының «отымен кіріп, күлімен шығуда». Ұйымшыл ұжымның басты мақсат-мұраттары – қоғамға қажетті, заман талабына сай, бәсекелестікке төтеп беретін жұмысшы мамандарын даярлау.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале