25.05.2018, 11:28
Оқылды: 112

Оралдағы Назарбаев мектебінің 14 түлегі шетелдік университеттердің грантын иеленді

Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқу жылының аяқталуына орай салтанатты жиын өтті. Оған Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова, мектептің Қамқоршылық кеңесі өкілдері қатысты.

Жиында сөз алған өңір басшысы Алтай Сейдірұлы мектеп ұжымын оқу жылының аяқталуымен құттықтап, Назарбаев Зияткерлік мектебінің өңіріміздегі білім беру процесінде ролі ерекше екенін атап өтті.

- Биыл Назарбаев зияткерлік мектептерінің құрылғанына - 10 жыл. Яғни, 10 жыл бұрын Астанада жаңашыл форматта білім беретін мектеп өз жұмысын бастады. Елбасы бұнымен тоқтамай, еліміздің барлық өңірінде осындай білім ордасын ашуды қолға алды. Нәтижесінде 2012 жылы Орал қаласында да зәулім мектеп есігін ашты. Естеріңізде болса, мердігердің құрылысты уақытында аяқтамауына байланысты оқушылар №35 мектеп-лицейде бір айдай оқыды. Кейін шәкірттердің арманы орындалып, осы мектеп ашылды.

Мектеп салынған кезде айналада осы ғимараттан басқа ештеңе болмады. Ал қазір қаншама үй, нысан бой көтерді. Бұл – мемлекетіміздің дамуының көрінісі. Сіздер - ең бақытты ұрпақсыздар. Қазір Назарбаев мектептерінің тәжірибесін өзге де мектептерге қолданып жатырмыз. Әсіресе, ауылдық мектептерге аса көңіл бөлудеміз. Өйткені дала мен қаланың алшақтығын азайтуымыз қажет.

«Рухани жаңғыруда» табысты болудің ең басты кілті білім екені айтылады. Бұл үшін елімізде барлық жағдай жасалуда. Елбасы жатақханалар салуды, мұғалімдердің білімін жетілдіру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды. Біз барлық тапсырманы орындаймыз. Сіздер сол үмітті ақтап, алдарыңызға биік меже қоя біліңіздер. Білім жолында қанаттарыңыз талмасын. Ақ жол!, - деді А.Көлгінов.

Одан әрі мектеп директоры Тимур Нұркешов сөз алып, мектеп жетістіктеріне тоқталды.

-Биыл мектеп 12-жылдық білім беру жүйесі бағдарламасын толық аяқтаған алғашқы түлектерін ұшырды. Бұл бағдарлама өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Оның дәлелінің бірі 85 мектеп түлегінің 14-і алыс-жақын шетелдік университеттердің грантын иеленіп отыр. Олардың арасында бірден екі университтеттен шақырту алған шәкірттеріміз бар. Мектеп оқушыларының білім-ғылым бәсекесінде жеткен табыстары да аз емес. Олардың қатарында 11-сынып оқушысы Әзиз Талапов осымен екінші рет Мәскеуде өткен «Архимед» өнертабыстар мен инновациялық технологиялар салонына қатысып, жүлделі екінші орынды иеленді, сондай-ақ «Архимед» медалімен марапатталды. Күні кеше мектепке келген 8-сынып оқушылары Болатов Бекбол мен Тыныштық Дастан Қарағанды қаласында өткен «Роболанд-2018» халықаралық байқауынан 3-орын, Кадыргалиев Эламир Алматыда өткен «Инфоматрикс» халықаралық сайысынан 2-орынды иеленді. Сондай-ақ Талапов Әзиз NURINTECH республикалық инновациялық жобалар байқауында 3-орын, 11-сынып оқушысы Арыстанов Данияр республикалық пән олимпиадасында орыс тілі мен әдебиеті бойынша 1-орын, 11-сынып оқушысы Качало Варвара қазақ тілі пәні бойынша республикалық «Жарқын болашақ» олимпиадасынан 3-орын, Абдуллиева Зарина республикалық «Наурыз кездесулері-2018» ғылыми жобалар сайысынан 3-орын алды, - деді ол.

e142d772-4cb7-45fe-b219-7d21205ce202Жиын облыс басшысының осы оқу жылында мектептің «Үздік оқушысы» атанған республикалық «Nurintech»инновациялық жобалар байқауынының, халықаралық «Архимед» өнертабыстар мен инновациялық технологиялар Салонының жүлдегері 11-сынып оқушысы Әзиз Талаповқа арнайы сертификат пен сыйлықты табыстауымен жалғасты. Сонымен қатар «Жылдың үздік шаңырағы», «Үздік оқырман», «Үздік уикипедияшы», «Үздік TEDx спикері» марапатталды. Айта кетейік, үздік шаңырақ оқушылары Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының дәстүрлі «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясының жолдамасымен Шымкент қаласына барады.

Салтанатты жиында «Ғажайып» би ансамблі «Бала шақтан болашаққа...» композициялық қойылымы арқылы зияткерлердің өсу жолын бимен көркемдеп көрсетті. Мектеп өнерпаздары өнерлерімен шараның көркін кіргізді.

7469ade7-1825-4acd-aa52-919f0c4219f1Жиын түлектердің «Соңғы қоңырау» соғу рәсімімен аяқталды.

Жиыннан кейін мектеп ішінде «Бір үйдің баласындай»тақырыбымен шаңырақтардың түлектермен қоштасу шарасы ұйымдастырылды.

Айта кетейік, биыл «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымына 10 жыл. Өзінің онжылдығы қарсаңында ұйым бірқатар іс-шаралар жоспарлауда. Солардың бірі 28 мамырда еліміздегі 20 зияткерлік мектептің қатысуымен өтетін республикалық «Қолдайық ауыл мектебін акциясы». Акцияның мақсатында – әр аймақтағы бір ауыл мектебіне материалдық және әдістемелік қолдау көрсету. Батыс Қазақстан облысында мұндай мектеп ретінде Бөрлі ауданы, Кеңтүбек ауылндағы орта мектеп таңдалып отыр.

Ақмоншақ Жұмаева,

Орал қ. НЗМ баспасөз хатшысы

ФОТО Темірболат Тоқмамбет

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале