Дарынды балаларға арналған мамандандырылған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектепті биыл 77 түлек тәмамдады. Оның 13-і – «Алтын белгіге» үміткер. Бұл жөнінде соңғы қоңырау салтанатында мектеп директоры Алмас Мұқанов хабарлады. Шарада 11-сынып оқушылары сап түзеп, жас ұландар туды әкелген соң, мемлекеттік әнұран шырқалды. Жиналған қауымға мектеп түлектерінің жетістіктері таныстырылды.
– Облыс бойынша мектепті тәмамдаған 5203 оқушының 70 пайыздан астамы тест тапсырмақ. Жаңа өмір жолына қадам басып жатқан түлектердің ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсетуіне тілектеспін. Еліміз халықаралық стандартқа сәйкес жаңартылған білім жүйесіне көшуде. Жаңа жүйемен оқытып жатқан мұғалімдердің жалақысы көбейтілуде. Былтыр облысымызда 27 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Биылғы мамыр айында бір нысан салынды. Қазіргі кезде сегіз мектептің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ шағын жинақы мектептерді қала мектептерімен теңестіру бағытында жаңа технология енгізілуде. Интернет желісі жетпеген елді мекендердегі мектептердің компьютерлерінде «Білім бук» бағдарламасы қолданылады. Білім саласын жетілдіруге жағдай жасалуда, – деді шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары, мектептің қамқоршылық кеңесінің мүшесі Ғабидола Оспанқұлов.
Соңғы қоңырау салтанатында «Үздік ұстаз» аталымымен мектеп мұғалімі Қадыржан Лұқпанов марапатталды. 11-сынып оқушысы Айнұр Наукенова «Үздік оқушы» атанды. Үздіктерге жылдағы дәстүр бойынша «Конденсат» компаниясы атынан сыйлық тапсырылды. Мерекелік шарада түлектер өлең оқып, шар ұшырды. Оларға ардагер-ұстаздар ақ жол тіледі. Өнерпаз оқушылар ән әуелетіп, би қойылымдарын назарға ұсынды. Айта кетейік, оқу жылын 883 оқушының 234-і үздік бағамен аяқтады.
Нұртай ТЕКЕБАЕВ
zhaikpress.kz