«Батыс Қазақстан экологиялық географиялық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дархан Сариевтің мәлім еткеніндей, саябақта күтімсіз қалған теректер қурап жатыр. Арамшөптің басқандығы сондай, адам бойынан асып кеткен.
— Эколог Дәуренбек Сахым екеуміз саябақты қарап шықтық. Парктің басым бөлігіне емендер отырғызылғанына 70-80 жыл болған. Күтімсіздіктен қурап, өліп жатыр. Ал емен шын мәнінде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Мәдениет және демалыс саябақтары мен скверлері дирекциясы бұл жұмысты неге ретке келтірмейді? Саябақты тазартып, бағалы ағаштарды сақтап қалудың шұғыл шарасын алу керек, — дейді Д. Сариев.
Осыған орай Kazinform тілшісі Орал қаласы әкімдігіне арнайы сауал жолдаған еді.
Әкімдіктен түскен мәліметке қарағанда, Деркөл саябағының жалпы аумағы — шамамен 6 гектар.
Саябақтағы ағаштардың басым бөлігі Кеңес дәуірінде отырғызылған. Бүгінде олардың бір бөлігі табиғи қартаю кезеңіне жеткен. Соған байланысты бұтақтары қурап, діңдері әлсіреген Оған қоса тамыр жүйесінің зақымдануы және ағаштардың орнықтылығының төмендеуі сияқты белгілер байқалады.
— Саябақ аумағының үлкендігіне және жүргізілуі қажет жұмыстардың көлеміне байланысты барлық жұмысты бір уақытта толық орындау мүмкін емес. Осыған байланысты жасыл желектерді күтіп ұстау және жаңарту жұмыстарын бөлінген қаржы көлеміне сәйкес кезең-кезеңімен жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар саябақ аумағын абаттандыру және санитарлық тазалықты сақтау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Атап айтқанда, «Жайық таза қала» ЖШС қызметкерлері саябақты қоқыстан тазалап, аумақты тиісті санитарлық жағдайда ұстау жұмыстарын атқаруда, — делінген ресми жауапта.