7.11.2023, 9:45
Оқылды: 48

Оралдағы жылу электр орталығы жаңартылып жатыр

Өткен қыста еліміздің кей өңірлеріндегі жылу электр стансаларында апаттар орын алды. Инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Еліміз бойынша жылу электр орталықтарының 19-ы «қызыл аймақта» болса, соның бірі – Орал жылу электр орталығы.

ТЭЦ ЖП4

– Облысымызда жылу-энергетика саласында бірқатар жоба атқарылуда. Орал жылу электр орталығындағы жабдықтардың тозу көрсеткіші 88%-ды құрайды. Түйткілді мәселені шешу және орталықты жаңғырту мақсатында 4 жоба қолға алынды. Олар – турбоагрегат және градирня құрылыстары, су жинағыштың 3,15 кВ тарату құрылғысын қайта құру, Зашаған кентіндегі Ғалымдар ауылы көшесіне жаңа қазандық салу жобалары. Градирня (суды салқындатқыш) құрылғысы биылғы жылдың мамыр айында іске қосылды. Нәтижесінде Жайық өзенінен жылу электр орталығы техникалық суды пайдалану көлемін азайтты, жылу-алмасу суын Жайық өзеніне кері жіберу тоқтады, – деді өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мирас Мүлкәй.

Ал жылу электр орталығындағы су жинағыштың 3,15 кВ тарату құрылғысын қайта құру жобасы биыл тамыз айында іске қосылды. Соның нәтижесінде станса су қабылдағышының тозуы төмендейді. Зашаған кентіндегі Ғалымдар ауылы көшесіне жаңа қазандық салу жұмысы аяқталуда. Жаңа қазандық іске қосылғанда осы аудандағы 9 үй, 6 өндірістік кәсіпорын, 1 әлеуметтік нысан жылумен тұрақты қамтамасыз етіледі. Турбинаны 2024 жылдың 1-тоқсанында пайдалануға беру күтілуде. Турбиналық қондырғыны ауыстыру орталықта өндірілетін электр қуатының көлемін 12 МВт-қа ұлғайтып, электр қуатын өндірудің жалпы шамасы 58 МВт болады.

Спикердің айтуынша, жылу электр орталығының ғимараттарына жүргізілген техникалық тексерулер нәтижесінде 11 ғимараттың апатты жағдайда екені анықталды. Орталықтың 5 өндірістік ғимаратын (газтурбиналық қондырғы, негізгі ғимарат, жылу желілерін толықтыру, механикалық жөндеу шеберханалары, қызметтік тұрмыстық корпус) қайта құру және күрделі жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттама дайындалуда. Бұл жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қорытындысын алған соң, қаражат бөлуге салалық министрлікке бюджеттік өтінім жолданады. Қалған 6 ғимаратты жаңғыртуға жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу 2024 жылы басталады деп жоспарланған.

Облыс орталығындағы жалпы ұзындығы 5,6 шақырымды құрайтын №2 және №5 жылу магистральдарын қайта жаңарту қажет.

Қазіргі кезде нысандарды жаңалаудың жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Оған мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін бюджеттік өтінім салалық министрлікке республикалық бюджеттен қаржы бөлдіртуге жолданады.

– Бұдан бөлек «Жайықжылуқуат» АҚ өз қаражаты есебінен №9, №2 және №4 қазандық агрегаттары, №3 турбоагрегат, 5,8 шақырым жылу желісі күрделі жөнделді. 2024-2028 жылдары 61 млрд теңгеге жылу электр орталығындағы ғимараттар мен құрылыстарды қайта жаңғырту, жалпы 8 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, – деді Мирас Рүстемұлы.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале