«Орал-Анталья» халықаралық рейсімен кетіп бара жатқан жолаушыларды бақылауды жүзеге асыру барысында ЕАЭО елдерінің бірінің азаматы ұсталды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«21.09.2022 жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Орал-КРО» кеден бекетінің қызметкерлері ҚР ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп «Орал-Анталья» халықаралық рейсімен кетіп бара жатқан жолаушыларды бақылауды жүзеге асыру барысында ЕАЭО елдерінің бірінің азаматын ұстады.
Ұстау кезінде 14,5 млн теңге сомасында қолма-қол ақша қаражаты анықталды (бұл – ҚР Ұлттық Банкінің 21.09.2022 ж. бағамы бойынша 30 318 доллар). Тәртіп бұзушы осы ақшаны заттарымен бірге полиэтилен пакетке салып жүрген. Оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жазалау шаралары қолданылды», - делінген баспасөз мәлімдемесінде.
Айта кетейік, ЕАЭО Кеден кодексінің нормаларына сәйкес, кеден органына жолаушыларға арналған кедендік декларациясын ұсынған күні қолданыста болатын валюта бағамы бойынша 10 мың АҚШ долларына балама сомадан асатын қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) жол чектерін Одақтың кедендік аумағына бір уақытта әкелу немесе Одақтың кедендік аумағынан бір уақытта әкету кезіндегі қолма-қол ақша қаражаты және (немесе) жол чектері кедендік декларациялауға жатады.
Сондай-ақ, ҚР Ұлттық Банкі шығаратын аффинирленген алтынның 5, 10, 20, 50 және 100 грамм алтын құймаларын, алтыннан жасалған «ALTYN BARYS» пен күмістен жасалған «KÚMIS BARYS» инвестициялық монеталарын, 100 грамнан астам аффинирленген алтынды әкетуге тыйым салынады.