Таяуда Астана қаласында өткен шығармашыл жастардың XXVII халықаралық «Шабыт» байқауынан Орал қаласында орналасқан Жастар шығармашылығы орталығы жанындағы «Алаш» этно-фольклорлық ансамблі жүлделі 3 орынмен оралды.
– 2019 жылы Серік Қайырлиевтің бастамасымен құрылған ансамбльдің құрамында бүгінде 10 өнерпаз бар. Көне сарынды қайта жаңғыртудағы ізденіс ансамбльдің құрылуына түрткі болды. Көнеден келе жатқан жетіген, қылқобыз, шіңкілдек, бас домбыра, домбыра, қобыз, шертер және ұрмалы аспаптармен өнер көрсетеміз. Ұлттық бояуымызды, болмысымызды аспаптар арқылы ашу, салт-дәстүрімізді дәріптеу – біздің басты мақсатымыз, – дейді ансамбль жетекшісі Әлібек Қуаншалиев.
Ұлттық өнер – өміршең қазына. Оның тамыры тереңде. Осы бай мәдени мұраны сақтап, қазақ халқының төл дәстүрін терең меңгеріп қана қоймай, халық музыкасы арқылы ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып жүрген өнер ұжымының алдағы уақытта да мәртебемізді асырып, мерейімізді өсіретініне сеніміміз мол.
Ерке Мереке
zhaikpress.kz