«Біз біргеміз!». Орал қаласында жергілікті жарнама компанияларының бірі осындай ұранмен қорғаныс құралдарын жасауға көшті, - деп хабарлайды «Хабар 24».
Полиэтиленнен өндірілген қалқаншалар адамның бетін түгел көлегейлеп, вирустың ауа арқылы жұғуына тосқауыл болмақ. Бұл дәрігерлер мен полицейлерге, түрлі сауда орындарының қызметкерлеріне өте ыңғайлы. Бұл істі қолға алған кәсіпкер алғашқы 40 дана қорғаныс құралын облыстық перинатальды орталыққа тарту етті. Облыстық аурухана қызметкерлеріне де дәл осындай қалқаншалар жеткізіледі. Таяу уақытта 10 мың дана осындай өнім жасап, сырқатпен күрестің алғы шебінде жүрген барлық жандарды тегін қамту жоспарда бар. Ол үшін меценаттардың жәрдемі қажет дейді кәсіпкер.
- Масканы тегін жасап отырмыз. Медбикелер болсын, полицейлер болсын, сырқаттармен байланыста болады, соларды жабдықтау үшін меценаттарды іздеп жатырмыз, - дейді кәсіпкер Ернар Досмағамбетов
Ал облыстық перинатальды орталықтың бас медбикесі Гүлсара Тәжекенова масканың пайдасы болатынын айтады. Ауа тамшыларынан тікелей медбикелерді қорғайды. Бетіне, көзіне тимейді. "Осындай қорғаныс құралымен қамтамасыз еткен компанияға рахметімізді айтамыз", - дейді.
zhaikpress.kz