Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 24 оқушысы World Scholar’s Cup халықаралық олимпиадасының аймақтық кезеңіне қатысып, Доха, Сеул, Лондон, Сямынь, Бангкок, Голд-кост қалаларына шақырту алды. Аталған білім сайысы Алматы қаласындағы Galaxy халықаралық мектебінде өтті.

World Scholar's Cup академиялық олимпиадасы болашақ ғалымдар мен көшбасшылардың жаһандық қауымдастығы. Бүгінге дейін өзекті мәселелер мен идеяларды талқылау үшін әлемнің әр түкпірінен оқушылардың басын біріктіріп, оларға жаңа қырларын ашуға, алған білімдерін іс жүзінде қолдана білуге және өздерінің көшбасшылық қасиеттерін шыңдауға жол ашуда. Мектебіміздің ағылшын тілі мұғалімдері А. Сергалиева және А. Қуанышқалиеваның жетекшілігімен аға лигаға аттанған зияткерлер Team Challenge, Debate Champions, Team Bowl, Writing Champions, Challenge subjects, Team Debate, Team Writing, Champion scholars санаттары бойынша алтын және күміс медальдарға ие болды.

Оның ішінде 9-сынып оқушысы Дана Қожанияз барлық санат бойынша ең жоғары ұпаймен School Top Scholars номинациясымен марапатталды. Нәтижесінде оқушылардың озық ойлары мен қарым-қабілеттері жоғары бағаланып, халықаралық кезеңге жолдама алды.

Қатысушылар командалық дебат, бірлескен шығармашылық жұмыс, командалық сұрақ-жауап және тест бойынша сынға түсті. Шет елдерге шақырту алып шабыттанған шәкірттер алдағы уақытта мектеп беделін әлемдік деңгейде биіктеткісі келеді.
Мөлдір Латифова,
Орал қаласы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы